Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

Уақыты: 22.05.2022
Оқылды: 925
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тіл сарайында әдебиет зерттеушісі, түркітанушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Үздік оқытушы» облыстық байқауы өтті.

Өз кезегінде алғашқы құттықтау сөзді облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс  Жолдыбаев алды. Ол:

- Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық практикалық орталығының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде «Үздік оқытушы» байқауы өтеді. Осыған орай Алматы облысында да алдымен өңірлік іріктеу кезеңін өткіздік. Іріктеуден өткен қатысушы республикаға жолдама алады. Тіл комитетінің ережесіне сай байқау төрт кезеңнен тұрады. Мұғалімдер бейнесабақтары мен бағдарламаларын соған сай дайындап келген. Өткен жылы киелі Түркістан қаласында өткізілген жарыстан 1 орын алған болатынбыз. Биыл да шыққан биіктен құламау – біздің басты мақсат. Биылғы байқау Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай үлкен форматта өтіп отыр. Байқау облыс бойынша тәжірибе алмасу болып табылады. Сұрақтардың барлығы тіл майданында тер төгіп кеткен ұлылар бойынша қойылды. Бүгінгі шарада жеңімпазды анықтап, республикаға жіберетін боламыз, – деп шараның маңызын түсіндірді.

Аталмыш сайыста облыс бойынша азаматтардың тілге деген қызығушылығын арттырып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне атсалысып жүрген 14 үміткер бақтарын сынады. Байқауға тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина, Талдықорған қалалық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері Мәрия  Сәдуақасова, республикалық «Үздік оқытушы» байқауының бас жүлдегері Жанар Елесбаева төрелік етті.

Қазылар шешіміне сәйкес, облыстық «Үздік оқытушы» байқауының бас жүлдесі және республикалық «Үздік ұстаз» байқауына жолдама Панфилов ауданынан келген Надира Қадыроваға табысталды. Ал І орын қапшағайлық Гүлмира Дусанбаеваға, ІІ орын Нарынқол өңірінен Зубайра Жорабекке, ІІІ орын ілелік Балжан Төлегеноваға бұйырды. Жарыстан озғандардың бәріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Жиын соныңда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Рахмет  Есдәулетов сөз алып, облыстың екіге бөлінуіне байланысты республикалық байқауға Алматы облысы атынан бірінші орын иегері Гүлмира Дусанбаеваның баратынын жеткізді.

Кәмилла ТҰЯҚОВА

Алматы облысы