ӨНЕР КӨГІНДЕГІ ҚОС ЖҰЛДЫЗ

Уақыты: 16.06.2022
Оқылды: 1505
Бөлім: РУХАНИЯТ

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында дәулескер күйші, әуезді әнші әрі танымал сазгер Бақберген Асқарбеков пен оның қызы – «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауының бас жүлдегері, Роза Бағланова атындағы байқаудың Гран-при иегері Інжу Бақбергенқызының сазды кеші өтті.

Алғашқыда күйшілігімен танылған Бақберген Асқарбеков саз өнерінің саңлағы Нұрғиса Тілендиевтің алдында композитордың «Аққу» күйін қос домбырада асқан шеберлікпен орындап, ақ батасын алған еді. Кейіннен Дәнеш Рақышевтың шәкірті бола жүріп, оның әншілігімен қатар сазгерлік өнерін бойына сіңірді. Сазды кеште Бәкеңнін жан-жақты дарыны толығымен ашылды. Оны концерттің ашылу сәтінде-ақ көңілге желік бітіріп, әдемі әлемге қарай жетелей жөнелетін «Бақбергеннің желдірмесі» күйінен бастап, өнер сапарымен шет мемлекетте жүргенде жүрек тебіренісінен шыққан «Атамекенді аңсау», ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған «Бәйдібектің толғауы», «Қабан, Ескелді, Балпық батырлар», «Ақын арманы», «Асау Көксу» атты күрделі шығармалары дәлелдеді. М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі халықаралық байқаулардың лауреаты Әли Алпысбаев пен Медет Есбергеновтың дирижерлік етуімен орындалған күйлер тыңдаушысын бейжай қалдырмағаны анық.
Оркестрдің жөні бөлек, дегенмен, Бақбергеннің жеке орындауындағы күйлерді тыңдау бір басқа. Осы орайда Нұр-ағаның  болмысы бөлек туындысы «Аққу» күйін қос домбырада орындағанын көріп, тыңдау бір ғанибет. Ұстазына арнап шығарған «Нұрғисаға сағыныш» туындысы «Әлқисса» күйінің ізімен, соның жалғасы ретінде дүниеге келгендей әсерде болғанымыз жасырын емес. 
Бақбергеннің әншілігі мен композиторлығы да өзінше бір әлем. Концертке келген жұртшылық кеш иесінің өз орындауындағы Мұқағалидың «Ақмарал», Әміре Әріннің «Торқалы той, Астана», Гүлбақыт Қасеннің «Біреуге», «Талдықорған – Жетісудың тұмары», Жангелді Немеребайдың «Алматым әсем қала», өзінің «Орамал таққан жарасар» атты өлеңдеріне жазылған әндерін сүйсіне тыңдап, қошамет көрсетті.
Бүгіндері қазақ өнері әлемді мойындатты десек, ақиқаттан алшақ кете қоймаспыз. Бір ғана Димашымыз дүниені дүр сілкіндіргенін көзіміз көрді. Одан басқа да талғамы биік тыңдармандарды таң қалдырып жүрген өнерпаздарымыз баршылық. Осы дарындар қатарына бүгін Інжу Бақбергенқызы қосылды деп айтуға әбден хақымыз бар. Оның әсем де тұнық дауысын, орындау шеберлігі мен сахна мәдениетін әкесімен қосылып орындаған «Қайырлы таң» әнінен, бөлекше дайындық пен дауыс диапазонын қажет ететін  Л. Хамидидің «Бұлбұл», В. Кьяраның «Испан балеросы», В. Боровсийдің «Опера №2» сияқты аса күрделі туындыларын шырқаған кезде сөзсіз мойындап, таңдана әрі тамсана қол соқтық. Әсіресе, «Опера №2» сияқты санаулы әншілер ғана орындай алатын әнді еш қиналмай, нақышына келтіргенде жүрегіміз шымырлай отырып тыңдадық. Алда талай айтулы сахналарда ән шырқап, әлемге қазақ өнерін паш ететін жас өскіннің қадамына қуандық.
Бақбергеннің сазды кешіне Алматыдан арнайы келген өнердегі інілері Саят Медеуов пен Нұржан Жанпейісовтің, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері және «Алтынай» мемлекеттік би ансамблі бишілерінің өнері де көрермендердің көңіл қошын келтіргені анық. 
Концерт соңында кеш иесінің әріптестері, ұстаздары мен ауылдастары Бақберген мен Інжуге алғыстарын білдіріп, дәстүр бойынша сый-сияпаттарын  табыс етті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ