ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНДА ЗАМАНАУИ ЖАҢА МЕКТЕПТЕР САЛЫНАДЫ - МИНИСТР

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1609
Бөлім: РУХАНИЯТ

ҚР Оқу-ағару министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Қонаев қаласына келіп, халық алдында есеп берді.

Жиынды Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов ашып, еліміздің дамуында білім саласы ерекше орын алатынын және қолдауды қажет ететінін, осы орайда биыл облыстың білім саласының бюджеті 274,7 млрд.теңгені құрап, 34 млрд.теңгеге артып отырғанын атап өтті. Алдағы үш жылда облысымызда Назарбаев зияткерлік мектебі, екі лицей-интернат, жаңа үлгідегі ІТ-мектеп, «Маралсай» демалыс аймағында оқу-сауықтыру лагері ашылып, халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанған оқушыларға «Қонаев ізбасарлары» сыйақысы тағайындалатынын жеткізді.

Бұдан соң халық алдында есеп берген ҚР Оқу-ағару министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Өңірдегі ең үлкен мәселе – үшауысымды мектептер жайы екенін атап өтті. Бұл мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында республикалық бюджет есебінен 50-ден астам жаңа, заманауи мектеп салынатынын айтты.

- Екінші күрделі мәселе – білім сапасы. Білім сапасын арттыруға, оқу бағдарламаларындағы кемшіліктерді түзетуге, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, кәсіби өсуіне мейлінше жағдай жасалуда. Әр өңірдің өзіне тән айырмашылығыы бар. Алматы облысында оқушы орнының тапшылығы анық сезіледі. 300 балаға лайықталған мектепте 1500 бала оқып жатса қандай сапа болады? Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатын болады.

Одан кейінгі үлкен іс – тәрбие жұмысы. Тәрбиеде бірізділік жоқ. Осы орайда Абайдың «Толық адам» концепциясын негізге алып жаңа жүйе жасаудамыз. Мектептер сол бағыт бойынша жұмыс істейді.

Балаларды тамақтандыру да үлкен мәсееле. Олар бүгінде дәрумені бар ас ішіп жатыр ма? Мектеп асханалары қалай жұмыс істеуде? Ондағы баға қандай? Осыған мән беріп, мектеп асханаларының балаларға қолжетімді болуын қамтамасыз етпекпіз.

Колледждерге де академиялық дербестік берілуде. Ендігі ретте типтік бағдарламамен шектеліп қалмай, жұмыс берушілердің сұранысына орай сол өңірге қандай мамандар керек, сол мақсатта өз  бағдарламаларын құрып, жұмыс істейтін болады.

Мектепке дейінгі білім беру саласында да үлкен реформа жүріп жатыр. Жаңа стандарт қабылданды. Онда баланы ойын әрекет арқылы дамытуға басымдық берілген. Тәрбиешілердің де жалақысын өсіру жайы қарастырылуда, – деді министр.

Бұдан соң министр залдан қойылған сауалдарға жауап берді.

СҰРАҚ-ЖАУАП

Алмас Жылқыбаев, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің директоры:

- Колледжде жетім және тұрмысы төмен отбасы балалары көп, Олармен жұмыс істейтін әлеуметтік-педагог штаты бөліне ме?

- Жалпы колледждер жан басына шаққандағы қаржыландыруға өтеді. Соның аясында штат ашу мүмкіндігін қарастыруға болады. Сіздің өтінішіңізді маңызды ұсыныс деп қарап,  алдағы уақытта ескеретін боламыз.

Дина Мұхтар, Балқаш ауданының тұрғыны:

- Жыл сайын балаларымыз «Балдәурен» лагеріне тегін  демалуға барады. Алайда онда жолақысы қарастырылмаған. Осы мәселе шешіле ме?

- Егер ата-ана тұрмысы төмен отбасы санатынан болса, онда бұл істе жергілікті әкімдік көмек беруі қажет. Бұл мәселені осы жолмен ғана шешуге болады. Әзірге басқа мүмкіндік қарастырылмаған.

Самал Исаева, Кеген ауданының тұрғыны:

- Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Екі педагог» пилоттық жобасы іске асуда. Бұл жоба ары қарай өз жалғасын таба ма?

- Қазіргі таңда балабақшаларда бір топта 25 бала болса, оларға түске дейін бір тәрбиеші, түстен кейін бір тәрбиеші қарайды. Байқасаңыз, бұл бір тәрбиешіге өте ауыр. Оның үстіне түске дейін болған жағдайды, әр баланың күйін олар бір-біріне толықтай баяндап отырмайды. Сондықтан да «Екі педагог» пилоттық жобасын тиімді деп шешіп отырмыз. Демек, ары қарай жалғасын табатын болады.

Кездесу барысында бұдан басқа да жұртшылықты алаңдатқан көптеген сұрақ қойылды. Министр әрбіріне тұщымды жауап беріп, көпшілік көңіліндегі көп ойды сейілтті.

Шара аясында министр Қонаев қаласында бірнеше жаңа мектеп салынатынын айтып, жоба-жоспарларымен танысып шықты. Сондай-ақ, 2023 жылы пайдалануға берілетін білім ордаларының құрылысын көріп, жаңа нысандар заман талабына сай болуын тапсырды. Іссапар кезінде министр №1 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, шешімін таппаған қандай мәселелер барын сұрады. Мұғалімдер министрге қағазбастылықтан құтылғанын айтып, кемшіліктердің жойылғанын жеткізді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы