Жаңадан құрылған оркестр алғашқы тұсаукесер кешін өткізді

Уақыты: 30.05.2023
Оқылды: 880
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы облыстық филармонияның жанынан құрылған эстрадалық-симфониялық оркестр өзінің алғашқы тұсаукесер кешін өткізді. Жетісу облысы әкімінің қолдауымен құрылған ұжым аз уақыттың ішінде репертуарын дамытып, шығармашылықпен жұмыс істеді. Кешті облыс әкімі Бейбіт Исабаев тамашалады.

Эстрадалық-симфониялық оркестр құру қажеттігі жөнінде аз айтылмаған. Іс жүзіне асқан бұл жаңалық көрермендерді қуантты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі болып Мәдениет саласының үздігі Данияр Жақиянов тағайындалды. Ал дирижер қызметін Қайрат Халықов атқарады. Музыка өңдеуші қызметінде елімізге танымал талантты музыкант, өз ісінің үздігі – Илья Башкатов. Ал оркестр құрамы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен П. Чайковский атындағы музыка колледжінің түлектерінен іріктелді. Қазіргі таңда оркестр репертуары толықтырылу үстінде.

Кеш барысында оркестрдің сүйемелдеуімен Бақытгүл Әбенованың орындауындағы «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», Бауыржан Мырзабеков айтқан «Өмір өзен», Гүлбану Лахаева шырқаған «сағындым сені» әндері көпшілікті тәнті етті. Ал «Қазына» вокалды ансамблінің ән қоржынындағы «Мұңайма», «Молдабайдың әні» де тыңдармандар қошеметіне бөленді.

– Облысымыздың руханият саласындағы үлкен жаңалық – өңір тарихында  тұңғыш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылып, оның ресми ашылуына куә болып отырмыз. Жетісу – қашаннан өнердің кені, таланттардың мекені. Біздің мәдениет саласында табысты еңбек етіп келе жатқан кәсіби деңгейі жоғары бірқатар өнер ұжымдары бар. Солардың қатары бүгін тағы бір тамаша оркестрмен толығып отыр. Өткен жылы мәдениет саласының өкілдерімен кездесуімде симфониялық оркестр құрсақ деген ұсыныс айтылған болатын. Біз осы ұсынысты қолдап, облыстық филармониядағы «Big band» эстрадалық оркестрінің базасында осы жаңа өнер ұжымын жасақтадық. Оркестрді сапалы кадрлармен қамтамасыз ету үшін өзіміздегі талантты музыканттарды жұмылдырып, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны, Чайковский атындағы музыка колледжін биыл бітіріп жатқан жас буынды өңірге тартып жатырмыз. Бұл жаңа ұжым, сондықтан оның материалдық базасына, музыканттардың тұрмыстық жағдайына барынша қолдау көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Облыстық филармонияға Дәнеш Рақышевтың атын беру бойынша жиын өтіп, тиісті құжаттар жиналып, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға берілген. Ендігі жүзеге асатын жұмыстарға уақыт таразы.

Қали АСҚАР