Ерлан Жүніс. Жазар едім дүние тазарғанша...

Уақыты: 07.11.2023
Оқылды: 710
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Шіркін сенің...

Шіркін, сенің жүрегің нұрдан болса,
Күнмен бірге көгімде тұрған болса,
«Тәңірден соң бір саған аманат» деп,
Көңіліме көңілің кұрбан болса.

Шіркін, сенің жүрегің гүлден болса,
Гүл күлгенде, ол бірге күлген болса,
Қызыл-жасыл дүние қызығына,
Құрғыр көңіл қана алмай жүрген болса.

Шіркін, сенің жүрегің мұнар болса,
Сол мұнарға сенімім шығар болса,
Қалау, аңсар, үміт те, жанымыз да,
Бір ойға ұйып, бір сөзге тұнар болса.

Шіркін, сенің жүрегің менде болса,
Сезімге бай, секемге кенде болса,
Ғұмыр бойы сырыңа сырым бойлап,
Қанша қазсам сарқылмас көмбе болса.

Шіркін, сенің жүрегің қалам болса,
Жазар едім əзірейіл жан алғанша,
Жазар едім, дүние тазарғанша,
Шіркін, сенің жүрегің...
амал қанша!?.

***

 

Қардағы іздер...

Қардағы іздер:
Омбылап аппақ қарды,
Шиырлап жалғыз аяқ соқпақтарды,
Менің балалығымнан қалған іздер.

Қардағы іздер:
Тобықтан кешіп қарды,
Тоңдырған кешкі аязда ғашықтарды,
Бейуақ бақ ішіне барған іздер.

Қардағы іздер:
Жүргендей бұлыт басып,
Қос кеудені бір кілтпен құлыптасып,
Екі жан жүрек етіп салған іздер.

Қардағы іздер:
Аяқтан сыз өтті-ау деп,
Өткен менен кеткенді күзетті-ау деп,
Ұлымды жолдан күтіп алған іздер.

Қардағы іздер:
Бəрі де алмасады,
Қайтадан қар басады, қар басады,
Қайтадан қамданармыз жолға біздер.

Қардағы іздер:
Секілді жалған іздер,
Секілді арман іздер,
Ақынның өміріндей -
Болмаған, болған іздер...

***

 

Жүрегіңді сақта,
Жүрегімді сақта,
Бұл алағай шақта,
бұл бұлағай шақта!

Күнге керек жүрек,
Түнге керек жүрек,
Саған құнсыз болса,
Гүлге керек жүрек!

Жүрегіңді жеме,
Жүрегімді жеме,
Өзің сүймеген соң,
Өзге сүймес деме.

Жүрегіңді қорға,
Жүрегімді қорға,
Соғып жүр ол зорға,
соғатындай сорға.

Жүрегімді тыңда,
Жүрегіңді тыңда,
Шақырмашы құзға,
батырмашы мұңға.

Жүрегіңе – рахым,
Жүрегіме – рахым,
Жүрек деген –
сұлу,
Жүрек деген –
ақын.

Жүрегіңді сақта,
Жүрегімді сақта,
Я, Тәңірім, көз бер,
Жүрек көзі жоққа!