ШЫТЫРМАН ШЕБЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 09.11.2023
Оқылды: 774
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бүгінге дейін 5 рет өткен байқау көпшілікке жақсы танымал. Осы доданың арқасында талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты.

Бұл шығармашылық сайыс сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызды. Мұның бәрі әдебиетіміздің кенжелеп қалған жанрының түрленуіне, жандануына ықпалын тигізгені анық.

Ал биылғы детектив шығармалардың алтыншы байқауы жазушының 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы жылы шараға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Онымен қоса, облыстық сот төрағасы Ержан Кененбаев бастаған ұжым 4 үздік шығармаға арнайы жүлде тағайындады.

Қазылар алқасының шешімімен Қайым-Мұнар Тәбей, Боранбай Ғалиев, Нұршат Өтеулиева, Талант Досбол, Ғабдул-Сәбит Юсупов, Леонид Степанов сынды қатысушылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ырысбек Дәбей, Сайлау Төлеуов, Аршын Нұрбақыт 3-орынды иеленіп, 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. 2-орынға Тұрақ Адисұлының «Бандыны қуған Хамит» және Әдина Жүсіптің «Жылайтын үй» шығармасы лайықты деп танылып, 750 мың теңгені қанжығаларына байлады. 1- орын Қанат Әбілқайырдың «Қара мысық» шығармасына беріліп, 1 млн. теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Аталған байқауда Серік Әбікенұлының «Моладағы манеж» шығармасы бас жүлдеге лайық деп танылып, 1,5 млн. теңге қаржылай сыйлық табысталды.

Қатысушылардың байқау талабына сай келетін шығармалары республикалық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарында жарық көрді. Байқауға қатысушылардың шығармалары zanmedia.kz сайтындағы "Детектив" айдарында жинақталып, көпшіліктің оқып танысуына мүмкіндік берді.

Айта кетерлігі, бұған дейінгі байқауларда бас жүлдені иеленеген үздіктер Талдықорғанға арнайы шақырту алып, шеберлік сыныбын өткізді.

Мәселен, жазушы Серік Әбікенұлы «Детектив жанрының бүгіні мен болашағы» деген тақырыпта ой қозғап, өз пайымымен бөліссе, полиция полковнигі Кемел Тоқаев атында ІV байқаудың жүлдегері Әмірбек Шаймағамбетов «Детектив шығармаларда сараптама қорытындысын, айғақтарды пайдаланудың маңызы» туралы айтып, детектив жазғысы келетіндерге кәсіби маман ретінде баға жетпес ақыл-кеңесін берді. Сонымен қатар, әдеби ортада белгілі тұлға, Түркістанда өткен байқаудың жүлдегері Нұрлыбек Саматұлы да «Детектив шғармаларда кездесетін логикалық, стильдік қателіктер» деген тақырыпта ой өрбітті.

Айғаным АЙТМҰХАН