Кенжехан Рақыш өлеңдері

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 595
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ойқамау

Көңілдің көк дөнені шаба алмай жүр,
Өзіне керектісін таба алмай жүр.
Шабандап, кібіріктеп аяқ-алыс,
Діттеген жеріне де бара алмай жүр.

Жай ғана жазық жерде сүрінесің,
Теңселіп, мас кісідей білінесің.
Бағынбай босаңсыған буындарың,
Тірліктен ыбылжыған түңілесің.

Кеудеңде жаның барда үміттеніп,
Қаласың кәріліктен күдіктеніп.
Ажалдың мұның бәрі хабары ма?
Жаныңда алмайды ғой күліп келіп.

Әйтеуір бұл тірліктің өңі бөтен,
Өтті ғой осылайша небір көсем.
Еріксіз отырасың ойқамауға,
Жазмыштың әуелдегі соңы ма екен?!

Тонау

Тірлігінде адамзат,
Дүние-мүлік таңдайды.
Жетіспесе алаңдап,
Әр нәрсені қамдайды.
Осыған да тәубе деп,
Өзін-өзі алдайды.

Келе сала өмірге,
Алданумен келеміз.
Өкіметке, ұлыққа,
Жалданумен келеміз.
Қорыққаннан құдайдан,
Сұрағанын береміз.

Жаратқанын Тәңірдің,
Тартып алды халықтан.
Басқа түгіл әуелі,
Дәметпейсің балықтан.
Мал менікі болса да,
Құтылмайсың салықтан.

Жекеменшік өз үйің,
Ол да  сені тонайды.
Төлемақы дейтіндер,
Пошташыға қолайлы.
Хатталғанын көрсетіп,
Жинап алу – оңайы.

Қалып тұр-ау күн мен ай,
Айтпай кетсем ұятты.
Үңірейді ой-сана,
Қорқыттың көрі сияқты.

Шүкірлік

Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Сексен асқан батырым,
Ей, Кенжехан қалайсың?

Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Шыққан күнді мақұлдап,
Батқан күнді санайсың.

Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Уақытқа қарайлап,
Денсаулықты тонайсың.

Жер басып жүрсең ақырын,
Айналаға қарайсың.
Барасың-ау қартайып,
Дегенменен жарайсың.

Жер басып жүрсең ақырын,
Бәрібір үйге келесің.
Шүкірлік ет Тәңірге,
Түбінде бір өлесің.

Екіаша

Жаз-жайлау құлазиды ел болмаса,
Үйрек-қаз жүзетұғын болмаса.
Ел мен жер егіз ұғым сияқтанар,
Айтайын соның жөнін тым болмаса.

Екіаша дейтін ауыл болып еді,
Рулы ел осы маңға толып еді.
Зардабын замананың тартып келіп,
Ыңғайлап осы араға қонып еді.

Ауызша «арғы бет» деп аталатын,
Қытай жақ дейтін оны атап атын.
Бір мезгілде шегарада тыныш болып,
Алаңсыз бейқам ұйықтап жата алатын.

Ал енді Екіашаны суреттейін,
Ауылдың кей жеріне су жетпейтін.
Тұрғындар тау сағалай арық қазып,
Балшықтан кірпіш құйып, илектейтін.

Кішкене Мазы дейтін өзен бар-ды,
Толтырды сол өзеннен арықтарды.
Ақыры отырықшы жұрт тәрізді,
Бір мезгіл ішіп-жемге жарып қалды.

Екіаша екі айырық аңғар еді,
Жан-жағы қоршап тұрған таулар еді.
Әр сайдың қалтарысты жоталары,
Ұшқан құс, бығып жүрген аңдар еді.

Туыппын жылан жылы осы арада,
Іңгәлап жатсам керек тошалада.
Былайша ата-ананың кенжесі екем,
Тұрмайтын байлап қойсаң босағаға.

Болыпты дәуір аунап ту-талақай,
Өтіпті шегарада «қанталапай».
Баяндап бұрындары жазып едім,
Тоқтайын оның бәрін қайталамай.

Адамзат

Адамзат жаралғаннан зерек болған,
Айнала жаратылыс керек болған.
Хауа-ана, Адам-ата балалары,
Уақиға бізге жеткен дерек болған.

Хауа-ана қатарынан егіз тауып,
Солардан басталыпты қатер-қауіп.
Сыйыспай Абыл, Қабыл екі бауыр,
Қыздарды қызғаныпты көңілі ауып.

Ақыры бір-бірін өлтіріпті,
Болмысқа зұлымдықты келтіріпті.
Жамандық жақсылықпен жағаласып,
Бастапты осылайша ел тірлікті.

Өтіпті содан бері талай ғасыр,
Адамзат өсіп-өніп, келе жатыр.
Жалғаннан жойымпаздық жойылмаса,
Түбінде болар дейді заманақыр.

Дегенмен, адамзаттан дана туды,
Білікті, ақылы асқан дара туды.
Жердегі бар байлықты іздеп тауып,
Көздеді бір кәдеге жаратуды.

Байқады одан кейіп айға барып,
Ұшаққа керектісін жайлап алып.
Әлі жүр жер серігін тіміскілеп,
Бұл адам оңар екен қайда барып?!

Нұрғайша

Туыппыз сонау шығыс Түркістанда,
Ойыма сен келесің жыр қысқанда.
Сол жақта кіндігіміз кесіліпті,
Тағдырлас екеумізді етіпті Алла.

Қойыпты және-дағы көрші қылып,
Біздерге жараспайды ерсі қылық.
Әз ана, балалардың әжесісің,
Бергендей туыстарға енші қылып.

Жайылып дастарқаның жақындарға,
Мұндайда көршілерден жақын бар ма?!
Қолы ашық, берекелі бәйбішесің,
Ұқсайсың бұрынғы өткен асылдарға.

Өмірден түйгенің мол сарындысың,
Сарабдал, салиқалы дарындысың.
Жай ғана қарапайым жайшылықта,
Ықпалды керек кезде жалындысың,

Көп жерде мінез-көркің дараланды,
Қазақтың сендей болсын аналары.
Үйдегі кішіпейіл келіндердің,
Өзіңе ұқсап тусын балалары!

Кенжехан РАҚЫШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
ақын