Бүгін – ақын Жұматай Жақыпбаевтың туған күні

Уақыты: 30.01.2024
Оқылды: 794
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Туған топырағынан тамыр үзген талант атаулыны өз басым жолықтыра қоймадым. «Ердің үйде туып, түзде өлетінін» ескерсек, әдебиет алыбы саналған тұғырлы жанның бәрі қазақ жерінің әр пұшпағында тірлік сағатын тиянақтап, барқыт топырағын жамылды. Жетісу жерінде туған аса талантты ақын, қара өлеңнің қас шебері Жұматай Жақыпбаев туралы жалқы толғам алдында біз неге бұлай тебірендік? Мәнісі не? Бұл ойға рухтас бір ағаның елге танылып, алып шаһарларда тірлік кешкендерді ел ұлықтауы тиіс, туған жерінде ғұмыр кешіп, өскен топырағына қара терін сіңіргендерге біз борыштымыз деген сарындағы толғамы түрткі болды. Сонда шабыт буып шаһар кезген, орта іздеп шеңберден шыққан шын таланттар мақпал беліне деген махаббатының, перзенттік парызының өтемін бере алмағаны ма?

Сан сауал қармауында отырғанда алыптардың шоғыры көз алдымызда көлбеді. Солардың арасынан Жұматай Жақыпбаевтың асқақ болмысы, ақық ажары қылаң-  ытты. Арда ақын Алматыда ғұмырының біршама жылын сарықты. Жетісуына желпініп келіп тұрды. Базары мен ду-думан, дырдуы бітпейтін қала тірлігінен қағажу көрген шағында, шабыты шалдыққандай күй кешкенде Сарноқайына сағына қол созды. Асқақ тауларына, жайлауына, Кенежиреннің тұяқ ізі мөрленген мақпал беліне, масаты кілемдей бел-белес, дөң-дөңесіне ат басын бұрды. Осылайша табиғатпен үндесті, тұмсалықпен тілдесті, тіршілікпен тұтасты. 

Тәңір берген талантын тайфун желінің екпініндей үдеткен Жұматай Жақыпбаев шын мәнінде қазақ поэзиясының аса қуатты сарынын қалыптастырған жан. Оның әр жырында қазақ даласының кеңдігіндей өлшем-өріс, табиғатындай тұмсалық пен мөлдірлік жатыр. 

Туған жерім, сені ғана түсінем,
Судың емес, қайнарысың күшті әннің.
Жабайы алма, жасыл шетен ішінен,
Тамылжиды таңғы арманы құстардың.

Аршалыдан алты қанат үйлер кеп,
Бас үйткен де, шақырған ба көп елді?
Үнді үйреткен әбжыландай иреңдеп,
Ақ түтіндер көк түбіне жөнелді,
– деген жыр жолдарынан ақынның туған жеріне деген махаббатының қаншалықты терең екенін әрі табиғаттану іліміндегі пайым-парасатының мөлдірлігін тануға негіз бар. «Туған жер» деген бұл өлеңінің екпіні мен салмағы, бояуы мен нәріндегі басымдықты қасиетті топырақ, мақпал белді қадірлеуге, оның ерекшелігін суреттеуге бағыттайтынын және өзі көздеген межеден шығып, ақын өскен әлемнің әсерімен оқырманды қанықтыруға бар күш-жігерін салатынын еске алсақ, онда ойға басқа жырды нысана еткеніміз жөн шығар. Бұл орайда:

Жұнттай түгі жылтыр, тұрқы ұнаған,
Жотадан жөңкілдіріп жылқыны ағаң.
Жағасын айырды әні тыныштықтың,
Бие, айғыр саксофонша шұрқыраған,
– деп келетін «Жаз күйі» жырын немесе «Ойсазда» өлеңінің:

Алакөлең аршалы таудың қабағы,
Аспанмен жөңкіп сұр бауыр  аппақ жабағы.
Бұйра шыңдардың бетімен қара көлеңке
Сорғышқа құйған сияша жылжып барады
,–– деген алғашқы шумақтарының өзінен-ақ ақын кіндігі туған жерге байланғанын, бойындағы киесі, таланты, қабілеті өскен топырақтың тұмсасынан тамыр тартатынын аңғаруға болады. Осы орайда айтатын дүние – «Жұматай» қағанатының нояны, көрнекті ақын, журналистикадағы ұстазым Нүсіпбай Әбдірахымның аузынан жыр қағаны туралы көп естелік естігеніміз. Соның бірінде ақынның жаз-күз демей жайлауға тартып отыратыны тұрғысында айтылды. Ақын журналистикадан, қара мақаладан шаршаған шағында қызметін, мойнына артылған сенім жүгін сараптап жатпай ой сорабына салынып, сағыныш пен аңсар әуеніне елтіп арыз жазады екен де «Мақпал белім, жасыл мәуіт, көк шұғам» деп тауына бет түзейді екен. Ғұмырының біраз жылында әртүрлі баспада жұмыс істеген шайыр жұмысқа қабылдау һәм кету тұрғысында арыз жазады-мыс. Қабылдауды сұрауы жұмыс жоқтықтан, тұрмыс қажеттілігінен болса, жұмыстан кетудегі арызы шабыт шақыру, ой омартасына бал тұндырып қайту мақсатында болса керек. Міне, осындай тағдыр мен талант тартысында жүріп үнемі ақындық қалауына жиірек құлақ түрген Жұмағұл-Шораның әрбір өлеңі мұнтаздай, мөлдір болып келуі де сондықтан деп жорамалдаймыз.

Жез тастар жатқан желегі қылаң көк белге,
Екі үйір жылқы еміне сүңгіп кеткенде.
Балқаштан бері жолаушы шыққан кеме-бұлт,
Трюмін ашып, төбеден бұршақ төккенде
, – дейді ендігі жыр жолдарының басында көшкен бұлттан тамған жауын мен бұршақты сыршылдықпен суреттеген ақын. Табиғатты дәл осылай асқақтата, алаулата-жалаулата суреттеу, бір бұлттың ағысына аңсармен сәп салып, алабұрта ой толғау қай елдің поэзиясына тән қасиет екен? «Шаң басқан бидай сабағын, құтырған желінің жағаның» (Аударған Ғ. Қайырбеков)  деп махаббатты, ғашықтардың кездесуін суреттеген Пабло Неруда секілді әлемге ортақ алыптар болмаса, табиғатты біздің шайырлар шоғыры ғана айрықша сыйпаттағандай көрінеді. Мәселен, Жұмекен: «Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр, тістеп қапты тентек жел тілін қырқып» деп айрықша әсем толғамға барса, мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали: «Тау дейтін алып жүрек ана туған, мен таулықпын, таудан мен жаратылғам» деп өмірді өз қалыбында кестелейді. Қастерлейді. Осылайша үш арналы ақын өз поэзиясын табиғатпен астастырып, тұмсалықпен құндақтайды. Бәрі де ұлы елдің сөз өнері, бекзат жанры үшін! Жан қалауы, жүрек арзуы хақында!

Менің атым

Жұмағұл-Шора – азан сап қойылғаны,
Мейірімін шешем қосып ойындағы,
«Жұматай» деп атады. Кейін қыздар
осы атты керемет деп мойындады.

Көшеде жүйрік шыбық алып қашып,
Мектепте күс-күс қолмен әліппе ашып,
Қара жол, бау-бақшада шықтым содан,
Көрнекті сотанақ боп қалыптасып.

Добың не, кернейді де мықты үрлейім,
Қай бетпен шатақтан да бұқтым дейін.
Осы атпен басбұзардан боксшы боп,
Ақ шаршы рингке де шықтым кейін.

Спорттың құшағынан босап мәңгі,
Көргенде  бар қызығым осы-ақ мәнді.
Аңдамай ғашық болып, сол атыма
Бір сұлу қыздың да аты қосақталды.

Жасыл тау жадыраған күн өтінде,
Осы атым – жұрт аузында жүретін де
Ат бапкер, алаяқ ат иесі боп,
Жас пері, жаңа күйші ретінде.

Жиреннің қай күліктен атағы кем,
Көкпарда көзсіз болу қата білем.
Үш қабат үйдей тастан ат секіртіп,
«Жұматай – Ажалсыз» да атанып ем.

Алғанда тәңірінен азар сұрап,
Өшпейтін дәріптеусіз, назарсыз-ақ,
Кемедей еш теңізге батпайтұғын,
Апамның қойған аты – Ажалсыз ат.

Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ

Хош, елінің, жерінің әсем табиғатын дәп осы нотада, шарықтау шегіне жеткізіп бедерлеген ақынның туған жерінен тамыр үзіп кетпегені, бәлкім, асқақ та айбынды жыр қуатының өтеуін ел мен жерге деген сағынышынан, аңсарынан алғаны түйсікке қонақтайтын пайым деп ойлаймыз. Одан кейінгі дүние, ақын жаратылысының да қабілеті секілді жер киесімен ұштасып кетуі. Осыдан біршама жыл бұрын Қарағанды қаласында өтетін дәстүрлі «Қасым Аманжолов оқуларына» барғанда қағанаттың нояны болған Светқали Нұржан: «Жұматай алып еңселі, асқақ тұрпатты болған жоқ. Қарапайым, келбетті, кісілігі мен азаматтығы арда жан. Жүректілігі де жырға арқау боларлықтай. Орыс ұлты көптігімен, азаматтары отарлаушы жұрт өкіліміз деген оймен өктемдік етіп отырған кезге жастығымыз тура келді. Естиярымыз Жұматай ақын, өзі ардан аттамайтын, кеудемсоқтық танытпайтын. Өңмеңдеп, өкіріп келген жатжұрттық жуан жұдырықтыларды кескен теректей сұлатып салатын. Көзіміз көрді», – деп ақынның батырлығы тұрғысында да ой толғаған. Осындай жылы естеліктерден кейін біз де ақынның батырлығын дәріптеп «Рух шарғы немесе Жұматай монологы» жырын арнағанбыз (аталған арнауды ойып беруді жөн санадық).

Рух-шарғы немесе Жұматай монологы 

Озғанда жалғыз озалдан шауып,
Сарноқай сазын төккен кім?!
Ақсарбасымды ғазалдан шалып,
Кеудемнің етін сөккенмін.

Тровант сынды құмшауыт еміп,
Қағырға біттім жыңғылша.
Қайсарлығы ғой мұнша арып келіп,
«Азбын» деп Алаш мұң қылса.

Манат тау қойны майсаға құт-ақ,
Шалғыннан ырғын қай өскін?
Арса жерімді жай сабап, бұтап,
Қарағай сынды жәй өстім...

Бастауын тұнық мұнардан алса,
Болмас па ұлы мұнша аруақ?!
Тамырым әсте құнардан қалса,
Қой көзден шөкім мұң саулап;

Шерленер едім... жөнім жоқ бірақ,
Жолым жоқ бірақ өңгеге.
Төрт тағам кетсе жалын от құрап,
Кенежирендей төрге енем.

Кісіне, рухым, кісіне, жырым,
Баһадүр болмыс оянсын.
Тағының тастай тісіне бұрын,
Ынжықтың қаны боялсын.

Сақара сафы – нояндарым-ау,
Қағажу көрме қаладан.
Низами, Науаи, Хаямдарым-ау,
Жыр түлет дауыл бораған.

Қағанатымыздың қабырғаларында,
Самсасын рухтың шамдалы.
Бабаларымыздың қабыр-бағында,
Бір аунап түссін жандары.

...Озғанда жалғыз озалдан шауып,
Осыны айттым – серім ғой.
Әр сөздің басын ғазалдан шалып,
«Ләйлә» деп кеттім, дертім ғой.

Туған жердің қасиеті, мақпал топырағы, бұйра құмы мен асау өзені, балбал тастары мен бедерлі, мүкті жарқабақтары қасиет дарытпаса Жұматай ақын: «Туған жерім, сені ғана түсінем» деп жыр саптап, әр тіршілікпен етене болып, батырлықтың да мөрін тірлігіне естелік етіп қалдырар ма еді? Осы орайда тағыша жортып, тарпаңша тайпалған талант туралы Кәдірбек Сегізбайұлының зайыбы Қайша апамыз бір естелік айтқан-ды. «Жұматай нағыз талант қой. Болмысымен ақын. Анау-мынауды елей бермейтін, табиғат қалай жаратты, сол саф күйін сақтай білген жан. Бірде Жазушылар одағынан шығып кең көшеге құлдилады. Шаруаммен соңынан мен де ілестім. Бара жатқан тарап бір болған соң таяқ тастам аралықта кетіп бара жатқанбыз. Түтінін будақтатып, шылымын сораптап ойға берілген Жұматай темекісін сөндірместен басынан асырып артына қарай лақтырып кеп жіберді. Тұп-тура топылайымның ұшына кеп қонжиды. «Әй, Жұматай, өртейін дедіңіз бе?», – дедім күліп. Шылымын басынан асыра шерткен шайыр шаруасы жоқ шайқалып кетіп бара жатып даусымды естіп кілт бұрылды. Қалбалақтап жағдай сұрап: «Тиіп кетпеді ме?», – деді. Тисе тұтанар ем, жағалы киім кигем ғой. Жұматай аздап ұялып қалды. Ақын ғой, ар бар, иман, ұят бар. Адамды ардақтай білетін», – деп күле естелік айтқан Қайша апамыз Жұматайдың болмысы қарапайымдылықтан құралғанын да тілге тиек етті. Қазақ даласындай дарқан екенін де атаусыз қалдырмады.

Қарап отырсақ, ақынның көзін көрген үш адамнан үш түрлі естелікті жазбаға арқау еттік. Оның бәрінде де туған жердің шұғасы мен майасына малынып, ауасын жұтып, шыңына аунап өскен шайырдың табиғаты, мөлдір дүниеден алған тазалығы қылаң береді. Яки туған жерге кіндік жалғаған жаратылыстың жан қуаты, талант арнасы өз құндылығымен қастерлі екенін тану қиын еместей көрінеді осы жерде. 
Әйел затын ардақтай білген ақын шайырлық мінезбен шалқып жүрсе де ағаттыққа бара қоймапты. Әлгіндей тұқыл лақтырамын деп аздап күлісіп алар дүниеге кейіпкер болып жатса да жырында мөлт еткен мөлдірлік, адами тазалық жатыр. 

Армандасым нұрлы көз,
Арланбасым бұл мінез,
Аңғал басым дүмбілез
, – деп өзінің табиғатына аз-кем суреттеме жасаған Жұматай:

Ақ бетіңді бір өпкенім ас еді,
Сол қоректің айтып болмас әсері.
Алпыс екі тамырымды қуалап,
Жүгіретін бар сезімнің әсемі.

Сол сезімнен бір музыка туатын,
Санам, жаным, сарайымды жуатын.
Енді, міне, әл-дәрмен жоқ, ән түгіл
Күрсінуге жетер емес қуатым
, – деп жүрегінің ақ аңсарын ақық жырға арқау етеді. Құштым, өлдім, талдым, сенсіз күнім қараң, түнім тұман деген бүгінгі ақындардың іңкәрліктен алшақ кеткен бас айналтар құмарлығы қылаң бермейді. Серіге тән сезімталдықпен жыр саптап, ақынға тән ұстамдылықпен ой сабақтайды.

Қоюшы едім шаттығымды іркуді,
Бақытқа ұқсас сезімге еніп біртүрлі.
Қорып жүріп қойбүлдірген тергендей,
Тердім сенің нәзік сөзің, күлкіңді, –
деген жыр жолдарының өзінде біз манадан бері таусап, тілшелеп отырған табиғаттың мұсатырындай мөлдір, нәрлі дүние жатқан жоқ па?

Ақын және ақық жыр

Поэзия –  өмірдің әрі мен нәрі. Ол – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды қуанышы секілді құндылық. Қатқылдау суреттеуге барсақ қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, ерен ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған, өмірдің уы мен балын бір-ақ рет сарқа сімірмек болған тойымсыз талабы.

Тіптен поэзия жайында нақты бір тұжырымды ой айту қиын. Өйткені ол бір емес, мыңдаған болмыстың жиынтығы. Олай дейтініміз, оның бойында әуен де, сыр да, мұң да, қуаныш та, жалпы адам баласына тән барлық қасиет атаулысы бар. 

Табиғаты бөлек, жаратылысынан сұңғыла, туабітті тектілігі бар, жүріс-тұрыс, бітім-болмысымен баяғының сал-серілеріне ұқсап туған Жұматай Жақыпбаев ерекше ақын еді. 

Ақын – Алланың ең нәзік жаратылысы. Өзгелер ұқпағанды түйсініп, басқалар сезбегенді терең қабылдай білетін, жүрек қылын тек ізгілікке шерткізетін де солар. Сондықтан бәзбіреулерден артық қайғырып-мұңаятын, көңілсіздік аралына жиі соқтығып, «жан қайығын жарға ұрғандай» күй кешетін кездері де бар. Бұл – кемшілік емес, артықшылық. Бірақ ақын мұңы өзгерек:
Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем?
Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме
Мұқағали, Төлегенге жетпеген, – деп жырлап өткен.
Қай ақын болмасын өз елін шексіз сүю үшін ең алдымен туған жеріне деген сүйіспеншілігі шексіз болуы шарт. Жалқыдан жалпыға көшкенде ғана сезімдер өміршең келмек. Отанға сүйіспеншілік те туған жердің жасыл шалғынын жырлаудан бастау алмақ. 

Негізінен Жұматай – оқымысты ақын. Сол себепті, оның өлеңдерін қаймана қазақ түсіне бермеуі мүмкін. Тек тарих пен философиядан сусындап даралар мағынасына тереңдер өлеңдері бір елдің мұрасындай құнды келетіні де сондықтан.

Әсем ЖЕКСЕМБИНОВА,
М. Мәметова атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы
Ескелді  ауданы

«...Жұмағаңды өлеңінен бөліп алып қарай алмаймыз. Өзі қандай мінезге бай, мейірімді, әдемі болса, жырлары да сондай. Мен өз басым Жұматай жырларының мынадай қасиеттерін бөле-жара атар едім: Оның өлеңдерінің ә дегеннен көзге түсетіні – айрықша көркемдігі. Мәселен, басқамыздың өлеңімізді ақ-қара түсті теледидарға теңесек, Жұмағаң жырлары түрлі түсті теледидар тәрізді болып келеді», – деген еді қазақтың ғажайып ақыны Қайрат Әлімбек Жұматай хақында. Біз де туған жерінің тасы болып қаланып, түп жусаны болып жұпар аңқытқанды қалайтын жыр қағаны тұрғысында осыған ұқсас ой қорытқымыз келеді. Қазақ әдебиетіндегі кейбір ақын жырлары ақ-қарасы басым шөлдің не қыс мезгіліндегі табиғаттай болса, Жұматай жырлары жазғы таудың табиғатына ұқсас. Өзені тасып, манаты мен мәуіті мүлгіп, шұғасы шылқып жататын. Жазғы таудың шыңында да мәңгілік мұздақ бар ғой, жырында аппақ, суық леп те байқалады. Сондықтан да ақын жыры табиғатпен үндесіп, қабысып кеткен...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ