АҚПАН (ӨЛЕҢ)

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 576
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Шіркін, бала болсам ғой
– тұнық әлем,
Аязына ақпанның шынығар ем.
Мөлдір таңның сұп-суық демін жұтып,
Мұз үстінде билер ем шұғыламен.

Сырғанар ем Жоңғардың өр төсінен,
Жоталардың,
жондардың өркешінен.
Мұнтаз мезгіл қиыршық ою жасап,
Кесте салар ақ шұға көрпесіне.

Сол көрпеге бала боп аунағым бар,
Жаурағым бар,
ұл едім тауға құмар.
Мұздақтардан мойынға шарф таққан,
Қарағайлар суықтан сауға сұрар.

Сыйым осы дегендей Ақпан ару,
Ұшпа бұлтқа сүйгізген ақ тамағын.
Балауса шақ бір сәтін қиса маған,
Үсіктен де үздіге бақ табамын.

Шіркін, бала болсам ғой,
– қардай аппақ,
Аяздан да қалмас ем жанды аяп қап.
Сиқырынан суықтың жастықты іздеп,
Құрғыр көңіл тұрмады қолды-аяққа.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ