АУЫЛ ИМАМЫ КӨКӨНІС, ЖЕМІС-ЖИДЕК ӨСІРІП, МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ҮЛЕСТІРМЕК

Уақыты: 20.08.2021
Оқылды: 1488

Ақсай ауылында тұратын Алмас Мәтқасымовтың имам болып еңбек етіп келе жатқанына үш жылдан асыпты. Оның алдында көмекші имам болып жұмыс істеген. Жалпы, Кеген ауылындағы Әлмерек абыз ата мешітінен діни білім алған.

Биыл қырықтың бесеуіне келген Алмас бір игілікті шаруаны бастады. Бақыт Әріпбаевтай шаруа қожалығының жетекшісі болып жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті, еңбекқор жақын ағасы «Нүсіпәлінің бағы» деп аталатын бір гектар жерді қоршатып, көкөніс өсірумен айналысуға ұсыныс жасапты. Айналасын жақсылап қоршап, жұмыс істеуге мол мүмкіндік жасаған. Бақыттай азаматқа риза болып қалдық. Бас жағындағы тау етегінде жап-жақсы бастауы бар бұл жер картоп, көкөніс өсіруге сондайлық қолайлы екен. Топырағы құнарлы. Айналасына бір заманда Нүсіпәлі деген кісі айналдыра тал-терек отырғызып тастапты. Өсірілген дүниелердің бәрі жапырағын жайып, саялы бәйтерекке айналған.

Көзімізбен көргеніміздей, Алмастай имам азамат жарты гектар жерге картоп отырғызыпты. Картоп үш рет суарылып, екі мәрте түптеліпті. Жайқала өсіп, гүлдеп келеді. Картоптан бөлек сәбіз, пияз, қызылша, қияр, қызанақ, асқабақ, жүгері, аскөк, қырыққабат өсірген. Бәрі жайқалып, күзге қарай өнімін бергелі тұр. Жақсы күтім жасапты. Уақытылы суарылатын көкөністердің жайы жаман емес.

Алмас Ләззат Әубәкіровадай жары екеуі төрт ұлын дүниеге әкеліпті. Алды 11-сыныпта оқитын Рахман, одан кейінгі Ермахан, Нұрислам, Арман атты ұлдарының үлкені белді көмекші екен. Екі ұлы қолдарына кетпендерін көтеріп алып, арамшөптерді отап жүр. Картопты да қолмен түптепті.

– Менің түпкі мақсатым биыл бастаған ісімді одан ары дамытсам деймін. Сулы жеріме өрік, абрикос, алма көшеттерін өсіргім келіп жүр. Алла қаласа, алдағы жылдан бастап жеміс ағаштарының көшеттерін әкеліп, өсіруді бастаймын. Ал, жап-жақсы жерге картоп пен көкөніс өсірудегі тағы бір ниетім – Ақсайдай туған ауылымда тұратын, қамқорлықты қажет ететін отбасыларына көмектессем деймін. Өсірген дүниелерім жерлестерімнің де дастарқанынан табылып жатса, артық болмайды. Ондай отбасылар бар. Осы жерді қоршауға Ақсай ауылында тұратын Жақсылық, Бауыржан, Қасымжомарт, Еламан, Бекмұрат секілді азаматтар көп көмек жасады. Оларға айтар жүрекжарды алғысым мол, – дейді Алмас шын пейілін білдіре.

Біз Алмастай азаматтың түпкі ойына қуанып қалдық. Ауылындағы қолдау мен көмекті қажет ететін отбасыларына картоп пен көкөністен көмектеспек ниеті шын мәнінде азаматтық. Ал, келесі жылдары жеміс ағаштарының түр-түрін өсірсем деген ниеті де қуандырмай қоймайды.

– Абрикос, алма өсірумен айналысатындарға мемлекет тарапынан қолдау бар екен деп естіп жүрмін. Қаржылай қолдау көрсетілсе, өте жақсы болар еді. Аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жолыққым келіп жүр, – дейді Алмас тағы бір әңгімесін алға тартып.

Біз аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Біләл Мәсімбаевпен хабарластық. Ондай жақсы ниеті бар болса, бізге келіп жолықсын деп жатыр. Алмастың қолына алайын деген жаңа ісіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Біз Ақсай ауылы маңындағы «Нүсіпәлінің бағы» деп аталатын жерге жап-жақсы дүние өсіріп, игілігін көргелі тұрған Алмастың тындырымды шаруасына риза болып аттандық. Қамқорлықты қажет ететін отбасыларын да ойына алып жүрген азаматтың қолы қуатты, өмірі шуақты бола берсін!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы