КӨРІСУ КҮНІ МЕРЕКЕСІН ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІНІҢ БАСТАУЫ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАЙМЫЗ

Уақыты: 14.03.2023
Оқылды: 975

Ықылымнан тамыр тартқан сан мың ғасырлық тарихымызды түгендеп, бабалардың сара жолынан шашылып қалған саф жәдігер-құндылықтарымызды теріп, тұтастай бір қамбаға жинай алған жоқпыз. «Дәстүр» деп аталатын қатпар-қатпар жазбалардың өзінде философия, табиғат пен жаратылыстану ғылымына негізделген жосық-жоралғылар көп. Көрісу күні де бабалар парасатынан туындаған мереке болса керек-ті.

          Ғалымдар мен этнографтар тартысқа түсіп, осыдан біршама жыл бұрын парасат майданын ашты. Сол тұста небір ділмар тарихтан тағылым таратқандай ой саптап, осынау мерекенің шығу төркінін өздерінше дәлелдеп бақты. Бірі бастауын бұлдыр түсінікке тіресе, екіншісі атауына соқтықты. Дегенмен егемен елдің күнтізбесінде ерекше айшықталған бұл мереке татулығымыз бен бірлігімізді бекемдейтін, елжандылық пен отансүйгіштікке негіздейтін тәрбие мен тәлімнің тұмасындай тұнық мереке ретінде ел жүрегінен терең орын алды.

         Заманның заңғар ойшылдары Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды саңлақтардың жазбасында дәстүрімізге қатысты көптеген түйін бар. Соның бірі Наурыз мерекесіне қатысты жазбалар. Сол секілді бүгінгі көзі тірі ғалымдар мен этнографтар «Көрісу», «Амал» атаулардың Әз Наурызға тән екенін айтып келеді. Сондықтан да елдік сипатта өріс алған Көрісу күні мерекесін Ұлыстың ұлы күнінің бастауы ретінде қабылдаймыз. Алты айғы қыстан аман шығып, жердің бусанып, көктің жадыраған шағында айналасына ақкөкіректене қарап, қатынау мен хат-хабардан тиылған байырғы бабаларымыз жол кешіп жан-жақтағы қарттарын түгендеп, көрші-қолаң, жамағайынымен көріскен-ді. Бір-біріне жыл қайырлы болсын деп бақ-береке тілескен. Міне, осындай тектілік пен ізгіліктің ізіндей болып бізге жеткен мерекенің ұлт үшін, жомарттыққа жорға жұрт үшін тигізер әсері мол. Сондықтан ұлық меркенің бастауындай болған Алғыс айту күні мен Көрісу күнінің ендігі шежіремізден алар орны да ерек болғай.

         Мейірімі мұхиттай шалқар елдің тәрбиесі мен құндылығына, асыл ұғымына жақын әрбір мерекені жаңғыртуымыз қажет. Сан ғасырлық тартыста тамыры ақ шағылға қажалып қалған өскіндей бой алмай, тұрқы қораш көрінгенімен кейіннен сол тамыры тас жарып тереңге бойлап, бәйтеректей асқақтаған жұрттың жадында қайта түлеген көптеген қастерлі қағидаларымыз бар. Соның бірі іспетті саналған Көрісу күні Наурыз мерекесінің бастауындай мөлдір сезім алқайтын, ағайынды ақ ниетпен іздейтін ғажайып рәсім. Ендеше, азаттықтың ақ таңымен қайта оянғандай салқар саһарамызда қайта көрініс берген ғажайып мейрам құтты болсын, Алаш елі!

Фото: ашық дереккөзден

АРДА БИ