ҚАМҚОРШЫЛАР КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1537

Ақиқатқа әу бастан-ақ қанығып, Тәңіріне түзу құлшылық еткен айбарлы елдің ұрпағы екенімізді сан қайталасақ та артық етпес. Ұлылар ұлағатынан сыр тарқатар болсақ, дін мен дәстүрді қатар ұстанған кешегілердің қағидасының қайшылықтан тұрмағанын «Бисмиллә – сөздің берені» деп термелеуінен-ақ аңғарар едік. Ал, саңлақ бабалардың сол сара жолын бүгінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жемісті жалғастырып, діни үкімдер мен шариғи шарттарды жақсы насихаттап жүргені қуантады.

Дегенмен, ақпарат жүйесі дамыған заманда ауық-ауық ҚМДБ тарапына сын айтылып, дұрыс жұмыс жасамай жатыр деген жаңсақ пікірлердің білдіріліп жатқанын көзі қарақты жандар жақсы біліп отыр. Негізінде аталмыш діни басқарма ата дініміз үшін аянбай жұмыс жасауда. Асыл дініміздің абыройының артуы үшін өңірлік өкілдіктер де білек сыбана жұмыс істеп, түрлі игі шаралар ұйымдастыруда. Соның заңды бір жалғасы ретінде Талдықорған өңірі бойынша өкілдіктің жанынан құрылған қамқоршылар кеңесін айтуға болатындай.
Аталмыш кеңестің құрылуына орай Талдықорған қаласы орталық «Иман» мешітінде жиын өтті. Игі шараның шымылдығын ашып, бастан-аяқ жүргізіп отырған Талдықорған өңірі бойынша өкіл имам Ардақ Оразбаев:
– Бабаларымыздың асыл діні, дәстүр-салты, тәлім-тәрбиесі сынды құндылықтарын насихаттау әрі ел ертеңі саналар жастарымызға дұрыс жол көрсету мақсатында қамқоршылар кеңесі құрылды. Ұлт үшін аса қажетті бұл игі іске барлығыңызды шақырамын. Елге есімі танылған сіздердей абыройлы азаматтар қолдаса құндылықтарымызды қастерлеп, мұраларымызды жаңғыртып, бабалар танымын жас ұрпақ санасына сіңіруді мақсат еткен ойымыз жүзеге аспақ, – деп сенім білдірді.
Одан кейін қамқоршылар кеңесі құрамына алынған зиялы қауымға сөз берілді. Алғашқы болып тілек білдірген облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт аталған ұйымның жұмысы мен алға қойған мақсатының оң екендігін айтып, барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді. Өз кезегінде сөз алған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін Ислам дінін өркендеткен түркілердің тарихына, бабалар ерлігіне тоқталып, асыл дініміз бен дәстүріміздің егіз екендігін ерекше атап өтті. Бұл ретте облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, журналсит Жұмахмет Жайлаубаев, ақын Жұматай Оспанұлы сөз алып, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқыға салып, ой бөлісті. 
Қамқоршылар кеңесіне мүше болған белгілі журналист, ақын-жазушылар бұдан былай асыл дінімізге тікелей жанашыр болып, ел арасында және БАҚ кеңістігінде дәстүріміз бен ұстанымымыз туралы оң пікірін айтып, көпшіліктің дұрыс бағытта жүруіне, радикалды топтарға қарсы тұруына ықпал ететіндіктерін жеткізді.

АРДА БИ