Дінаралық келісім тұрақтылыққа сеп

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 1350

Халқымыздың дархан көңілді, шынайы пейілді, адал ұстанымды болмысынан бастау алған мемлекетіміздегі бейбітшілік, татулық, тұрақтылық өзге елдерге үлгі-өнеге. Оның артында «өзімнен гөрі көршіме болсын» деген қазақы дүниетанымның мол мұрасы жатыр. Бұған қатысты көптеген дәлелдерді келтіруге болар, осыдан 70 жыл бұрын Қазақстанға күшпен қоныс аударылған халықтардың берген бағасына тоқталсақ та жеткілікті. Сол арқылы еліміздегі тұрақтылықтың сырын ашамыз.

Екінші Дүниежүзілік соғыс басталған тұста Сталиннің бағалауымен Қиыр Шығыстан, Солтүстік Кавказдан, Қырым мен Польшадан шыққан көптеген халықтар «сенімсіз элемент» есептеліп, кеңестік идеологияның қысымына ұшырады. Туған жерінен, атамекенінен қудаланып, жүк пойыздарына тиелген күйі ұлан-байтақ – Ұлы Далаға көшірілді. Алғашында жейтін наны, ішетін суы болмаған ұлттар мен ұлыстарды өз туғанындай қарсы алып, қолындағы барын бөліп берген қазақ ешкімді алаламады, келгенді сыртқа теппеді, әлсізді кемсітпеді. Сол арқылы тілі басқа, діні бөлек халықтардың құрметіне бөленді, ықыласын иеленді. Өздері әрең жүріп, қуғынмен келген жұртқа жанашырлық танытқан жергілікті халықтың мейірімі мен адалдығын айтатындарды іздесеңіз көптеп табылады. Солардың бәрі де ауыртпалыққа толы күндерде қолындағы барын бөліп берген халқымыздың жанашырлығына ризашылығын білдірері анық. Ендеше, сол мәртебеден, сол биіктен көріну бүгінгі бізге міндет. Өйткені: «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай да қоймас негізге» – деген тәмсіл қалдырған ата-бабамыздың айтқаны бүгінгіге үлгі-өнеге.
Жалпы, басынан талай тағдыркешті сәттерді молынан өткізген халқымыз ұлан-байтақ далаға қоныс аударған көптеген ұлттар мен ұлыстарға қорған, халықтарға қолдаушы болғаны тарихтан белгілі. Соның әсерінен болар, өз дінін ұстанғысы келетіндер қысымға түспеді, түртпекке салынбады. Соған байланысты әрбір ұлт тату-тәтті тіршілік кешіп, болашағының жарқын болуы жолында аянбай еңбектенді. Келешек ұрпағының тамыр жайып, тәрбиелі, тәртіпті, үлгілі отбасылардың қатарын көбейтуіне ықпал жасады. Бұның артында дініне, тіліне, діліне байланысты кемсітпеу, ұлтына, нәсіліне, көзқарасына, дүниетанымына орай төмендетпеу ұстанымы жатыр.
Бүкіләлемдік тарихта «Ұлы Жібек жолы» деген атпен қалған халықаралық қатынастардың алғашқы соқпағы түскен күннен бастап, Ұлы Далада көптеген өркениеттер мен мәдениеттер тоғысты. Бірі сәулет өнерін, бірі аңыз-әфсаналарын, бірі батырлық жырларын, бірі мал шаруашылығын, бірі егістікті дамыту жолдарын ұсынып, әр ұлттың өмірлік тәжірибесі өзгелердің өмірлік қажетіне жарап жатты. Сонда өз дінін ұстанушыларға ешқандай қысым көрсетілмегенін көне қалалар мен елді мекендердің орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар түрлі заттай айғақтармен дәлелдеді. Мысалы, Отырар қаласының орнынан теріге жазылған көне «Тәураттың» табылуы соған дәлел. Әрине, Ислам дінінің бейбітшілікті, татулықты, тыныштықты қалайтынын ескерсек солай болуы тиіс екендігін ұғынамыз. Кейіннен жоңғар шапқыншылығы кезінде жерімізде 20-25 жылдай дегенін істеген будда дінін ұстанушылар өздерінің пұтханаларын салып, Будда кескіні мен жазуын жартастар мен биік тауларға қалдырып отырған. Бұл басқыншылықтың бір белгісі болса керек. Дегенмен, тағдырдың жазуымен азаттығына қол жеткізген халқымыз сол жазбалар мен кескіндерді қиратып немесе жойып жіберген жоқ. Оны әлдебір мәдениеттің белгісі ретінде қалдырып отырды. Оған Қапшағай су қоймасына жақын жердегі «Таңбалы тас» кешеніндегі, Текелі қаласын сумен қамтамасыз етіп отырған Қора өзенінің бастауындағы будда бейнелерін жатқызар едік. Ал, орта ғасырдағы Қойлық қаласына барған итальяндық дипломат Гильом Рубруктың жазбаларында шаһарда христиан ғибадатханасы бар екендігі жазылады. Шыңғысханның немересі Құбылайдың Қарақорымдағы ордасына бет алған жиһангездің жазбалары әлемдік өркениетке қосылған мұра саналады. Сондықтан Ұлы Далада өркендеген конфессияаралық келісімнің осыдан артық дәлелін таппаймыз. Бұл біздің еліміз үшін үлкен мәртебе, үлкен жетістік.
Технология қарыштап дамыған қазіргідей кезеңде әлем елдерінің арасында туындап жатқан түрлі қақтығыстар мен келіспеушіліктердің түп-тамыры дінаралық келісімнің жоқтығынан болып отырғаны жасырын емес. Тіпті әлемдік бір діннің абырой-беделін қаралайтын, дәстүрлі ұстанымы мен ұстынын қирататын әрекеттердің жүріп жатқаны тағы бар. Осындай дүрбелеңге толы дүниенің арасында отырып, әрбір үш жыл сайын Сарыарқаның төсінде жатқан Астана қаласында «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін» өткізуді адамзат баласын ақылға, тоқтамға шақырудың алғышарттары ретінде қарастыруымыз керек. Қазақстан Республикасының күллі әлемге ұсынған осындай шынайы бастамасы шынында көңіл қуантып, жүрек құптарлық қадам. Абай атамыздың: «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» – деген нақылының негізі осында жатса керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен өткізіліп отырған съезд расында әлемдік татулықтың негізіне айналып отыр. Күні кеше ғана Сирия өлкесіндегі қара ту көтеріп, халифат құрмақ болған лаңкестерге қарсы соғыс ашқан Ресей, Иран, Түркия елдері мен жергілікті оппозиция өкілдерінің арасын жарастырған Астана саммиті де соның жарқын мысалы.
Міне, әлемдік державалардың арасын жарастыруды қалаған Қазақстанның шынайы ұстанымы, айнымас бағыты осындай. Дінаралық татулықты алға тартып, әлемдік дағдарыстардың шешуін табуға ұмтылу бүгінгі күннің талабы екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті де конфессияаралық келісім – тұрақтылықтың өзегі екендігін күллі әлем жұртшылығы мойындап отыр. Ендеше, араздасқанды татуластырып, алысты жақындатқан, қырыс қабақты жаздырып, құшақтарды айқастырған мемлекетіміздің басты бағытынан Жаратқан Алла Тағала айырмасын деп тілейік, құрметті ағайын!

Әміре Әрін,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Қазақстанның Құрметті журналисі