ЖҰМА НАМАЗЫНДА ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ АЙТЫЛУЫ ТИІС

Уақыты: 24.04.2019
Оқылды: 1538

Қоғамның жегіқұртына айналып отырған сыбайлас жемқорлықты болдырмау баршаға ортақ міндет. Сондықтан, Жетісу жеріндегі барлық діни бірлестіктер өз уағыз-насихаттарында парақорлықтың зияны мен зардабын түсіндіруі тиіс. Мұндай пікір облыс орталығындағы Тіл сарайында өткен "дөңгелек үстел" отырысында айтылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ұйымдастырған жиынға өңірдегі барлық діни бірлестіктердің өкілдері, облыстық дін істері басқармасының мамандары, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттердің имамдары қатысып, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырған жемқорлықты болдырмаудың жолын қарастырды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев:

– Қайырлы күн, құрметті дін өкілдері, жиынға қатысушылар! Біз тәуелсіздік алғалы бері еңселі мемлекет құру бағытында айтарлықтай қадам жасадық. Рухани құндылықтар мен адамгершілік – барлық өзгерістердің негізіне айналды. Еліміздің экономикалық және саяси дамуын қамтамасыз ету үшін әр Қазақстан азаматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті жоғары болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру идеясы 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда көзделген, – деп сыбайлас жемқорлықты жою жолында жергілікті менталитет, ұлттық және діни ерекшеліктер ескерілу керектігіне тоқталды.

Оның айтуынша, еліміздегі барлық қоғамдық бірлестіктер сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы қажет. Ол үшін парақорлыққа қарсы ағартушылық жұмыстар, уағыз-насихат жүргізіліп, сыбайластыққа, жемқорлыққа қарсылық жалпықоғамдық сипат алуы тиіс. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз.

Өз сөзінде парақорлықтың шариғаттағы үкімі харам екенін атап өткен Серікбай Өрікбайұлы Ислам діні адалдыққа, адал қадамға сүйенетінін алға тартты. Сондай-ақ, Құранның "Бақара" сүресінің 188-аятын мысалға келтіріп, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) пара берушіні де, алушыны да лағынеттегеніне тоқталды. Бұдан соң Жетісу жерінде сыбайлас жемқорлықты жою бағытында қолға алынып жатқан іс-шараларды таныстырып, қоғамның барлық саласына сыналап кіріп кеткен парақорлықтың зиянын тілге тиек етті.

Осыған орай әр апта сайын жұма намазына келетін жамағатқа адами құндылыққа, ел бірлігі мен тұтастығына, дамуына кері әсерін тигізетін жемқорлыққа жол бермеу туралы сөз қозғауды ұсыныс ретінде жеткізген модератор сөз кезегін алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетовке берді.

Өңірдегі діни ұйымдар туралы мәліметпен таныстырған баяндамашының пікіріне қарағанда сыбайлас жемқорлықты болдырмау бала тәрбиесіне тікелей байланысты. Яғни, өскелең ұрпақтың бойына парақорлыққа қарсы тұратын мәдениетті қалыптастыру керек. Оған облыс аумағында тіркелген 619 діни бірлестік пен филиалдың, онда қызмет атқаратын 556 имам-ұстаз бен 305 христиан діндары үлес қоса алады.

Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізген басқарма басшысынан соң Талдықорған қалалық «Жетісу» мешітінің бас имамы Мұхамед Ордабай, Иоан-Богослов шіркеуінің иерейі Александр Матлашов, Қасиетті Мария рим-католик шіркеуінің викарийі Давид Змуде, Евангелді-лютеран қоғамына қарасты жергілікті ұйымның жетекшісі Александр Искаков, облыстағы арнайы мониторинг тобының мүшесі Баниямин Файзуллин кезекпен сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

Мәди АЛЖАНБАЙ