Рамазан айына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы мен қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмас Сағидоллаұлы брифинг өткізіп, аз күннен соң басталатын қасиетті айдың мән-жайын түсіндірді.
Брифингте Жетісу жеріндегі мұсылман қауымының ораза ұстауына қатысты жан-жақты мәлімет берген өкіл имам тілшілер қойған сұраққа жауап берді.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Орта Азия мүфтилер кеңесімен бірлесіп, биылғы Рамазан айының басталуы 6 мамырға дәл келетіні туралы шешім қабылдады, – деген Ардақ Нүсіпханұлы Рамазан айындағы оразаның тәртібі, пітір-садақа мөлшері, ауызашар берудің сауабы жайлы деректерді таныстырды. – Иісі мұсылман баласын қасиетті де құрметті айдағы ізгі істерді одан әрі күшейтуге шақырамын. Бәріңізді жағымсыз әдеттерден, тұлға мен қоғамға залалы тиетін істерден қашық болуға, нағыз мұсылманның бойынан табылатын салиқалы амалдарды орындауға шақырамын. Жаратқан Алла-тағала бұл айды сабырлық айы деп те атаған. Рамазанда пенде өзіне адал болған нәрселерден тыйылады. Бұл айда адам баласы үшін харам болған нәрселер бар. Яғни, олардың қатарына көруге болмайтын іс-әрекеттерді, айтуға келмейтін сөздерді, жеуден тыйылған заттарды жатқызамыз. Яғни, Жаратқанға деген махаббатымыз, сабырымыз сыналады. Таңнан қара кешке дейін Алла разылығы үшін ауыз бекітудің сыйын Жаратқан өзі береді.
Сауалдар оразаның денсаулыққа пайдасы, ғылыми тұрғыда дәлелдегендігі төңірегінде де қойылды.
Мәди АЛЖАНБАЙ