ДӘУЛЕТІҢДІ САҚТАЙТЫН ДЕПОЗИТ ЕМЕС

Уақыты: 25.05.2019
Оқылды: 1539

Расында, ұрпақ сүю, дүние-мүлікке қол жеткізу, яғни, мол байлыққа ие болу – Алланың адам баласына берген нығметі. Ондай нығметті шүкірлікпен қарсы алу – мұсылманның міндеті. Құран Кәрімнің «Кәһф» cүресі, 46-аятында: «Дүние-мүлік пен бала-шаға – тіршіліктің сәні», – делінген.

Қиямет күні кісі дүниеде істеген барлық амалынан, соның ішінде – бөленген нығметтерінен сұралады. Әбу Барза әл-Аслами (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.а.): «Қиямет күні пенде төрт нәрседен сұралмайынша, екі аяғы бір орыннан тапжылмайды: өмірін қалай өткізгенінен, білімінен, оны не нәрсеге іске асырғанынан, мал-дүниесін қайдан тауып, неге жұмсағанынан және тәнін не нәрсеге қолданғанынан», – деген. Демек, адамның мал-дүниесі көп болған сайын жауапкершілігі де арта түседі. Сол сияқты, неғұрлым аз болса, сұрағы жеңіл болып, Алла­ның рахымына бөленеді. Деген­мен, бай-бақуатты, дәулетті кісі­лер мал-дүниесін жақсы жолға жұмса­са, жаннатта дәрежесі жоғары болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.а.): «Игі мал игі кісіге қандай жақсы!», «Мал-дүние – Алланың мархабаты, оны қалағанына береді» – деген сөздері бар. Бұл жерде ең бастысы Алла тағаланың пендесіне берген нығметтерін харамға жаратпау, ысырап қылмау керектігін ескерген жөн. Жалпы адамның әдемі киініп, қымбат көлік мінуі, зәулім үйде тұруы шариғатқа қайшы емес. Бастысы, байлығынан зекет, садақаны уақытында мұқтаждарға беріп отыру керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.а.): «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар!» – деген ескертуі соның дәлелі. Сондай-ақ, Алла елшісі (с.ғ.а.) Тирмизи тарат­қан хадисте мол байлыққа қатысты: «Кімнің қамы ақырет болса, Алла оның ісін біріктіріп, байлықты оның алдына салады. Соның нәтижесінде ол кісіге дүние өзі келуге мәжбүр болады. Ал, кімнің қамы дүние болса, Алла оның ісін шашыратып, кедейлікті екі көзінің ортасына қояды және тек істегеніне қарай ғана дүние береді. Нығметі үздіксіз жалғасып жататын мәңгілікті таңдаған адам неткен бақытты!» – деп сүйіншілеген.

Ендеше, қайтпек керек? Шүкіршілік етудің жолы қандай? Бұған жауап, әрине, Аллаға мойынсұну, Жаратқан Раббымыздың бұйырған әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу. Бес парызды орындау. Сол бес парыздың бірі – зекет Құранда 27 жерде намазбен қатар айтылған. Ал Құранда бір сөздің бірнеше рет қайталануы – бұл мәселеге Алла тағаланың ерекше маңыз бергенін білдіреді.

«Зекет» сөзінің араб тілінен тікелей аударғандағы мағынасы «көбею, өсу, тазару». Шариғаттағы мәні: «зекет» дегеніміз – мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін дәулетті мұсылманның Алла тағаланың разылығын іздеп, байлығының қырықтан бір (1/40) бөлігін шариғатқа сай жылына бір мәрте Құранда көрсетілген адамдарға беруі. Ең алдымен, зекеттің бай-дәулетті мұсылмандарға Алла Тағала тарапынан жүктелген міндет, қасиетті борыш екенін ұғуымыз керек. Оған дәлел қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.а) хадистерінде келтірілген.

Шариғат бойынша кімде-кімнің 85 грамм алтыны немесе 595 грамм күмісі болса, не осы екеуінің біреуінің құнына жететін қаражаты болса, ол кісі бай, дәулетті боп есептеледі. Осы орайда мына бір нәрсені ескерте кетсек, артық болмас. Арамызда зекет пен садақаның аражігін ажырата алмай жүрген жандар әлі де бар. Ондайлар: «Онсыз да садақа беріп жүрмін ғой», – деп зекет жайында ойланбайды, ізденбейді. Зекет пен садақа бір-біріне ұқсас. Екеуі де мал, дүниеден, қалтадағы ақшадан шығарылады. Айырмашылығы – садақа беру үшін қолымызда азын-аулақ ақшаның болғаны жеткілікті. Ал зекет – жағдайы келген мұсылманға ғана парыз. Әл-ауқаты жеткен жан жылына бір рет қана береді. Пенде дүниемен сыналған соң кейде дүниені сүйіп, оны шығаруға келгенде тартынып қалатыны бар.

Зекет беру – парыз, садақа беру – әркімнің көңілі қалаған іс. Зекет өлшеніп берілсе, садақаның белгілі бір мөлшері жоқ, бір теңге де, бір миллиард теңге де беріле береді. Садақаның мынадай пайдалары бар: Алла тағаланың ашуына ұшыраудан сақтайды, қателіктерді өшіреді, қиямет күні әркім өз теріне малшынатын ыстықта иесіне сая болады, жүректі жұмсартып, мейірімділікті оятады. Сондықтан болар, Пайғамбарымыз (с.ғ.а.) садақа беруші байды түнімен Құран оқитын адаммен теңестірген. Өзіңе жұмсаған дүние емес, садақа етіп берген дүние ғана нағыз ақыреттік азық болып қалады.

Садақа – адамның Аллаға, ақыретке деген иманының дәлелі. Ал, зекеттің белгілі бір адамға парыз болуы үшін белгілі шарттары болуы тиіс. Басқа ғибадаттар секілді зекет берушінің ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен, азат мұсылман болуы шарт. Мұсылман мемлекетінде өмір сүретін басқа дінді ұстанушыларға және балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге зекет беру парыз емес. Сондай-ақ, зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі бір байлық мөлшері.

Жаратқан Алла тағаланың бұйырған әмірлері мен тыйған тыйымдарында терең хикмет пен даналық жатыр. Яғни, Раббымыз әмір еткен парызды орындап, тыйым салған харам нәрсеге жоламау адам баласы үшін пайдалы. Расында, зекет берудің пайдасы орасан зор. Адам зекет беру арқылы сынақтан сүрінбей өтеді әрі мал-мүлкінен береке табады. Өзгелердің алғысын алып, өзара мейірімділікке себепші болады. Зекет парызын орындау – мал-мүлікті түрлі бәле-жаладан қорғайды. Қате-кемшіліктерді, күнәларды өшіреді. Мұсылман әрдайым бұл амалды атқарар алдында Алланың разылығын көздеп, сауабынан үміттенуі керек. Өйткені, ықылас болмаған жерде амал жойылады.

Иә, жүрекпен жасалатын амалдың ең әуелгісі – ықылас. Ол – құлшылықтың өзегі. Амалдардың қабыл болуы не кері қайтарылуы ықыласқа байланысты. Мүмін пенденің жүрегі ықыласқа толы болған жағдайда көптеген сауапқа кенеледі. Зекет берген адамның жан дүниесі өзгеріп, өзін сондай жеңіл сезінеді. Тек ниет етіп қана қоймай, ықыласпен берсе, көңілі тіпті ғажап күйге енеді. Ал, парыз бола тұра, зекет бермеген адамның жағдайы не болмақ? Зекет бермеу – парызды тәрк ету. Парызды орындамау – күнә. Зекетті себепсіз кейінге қалдыру немесе бермеу Алланың ашуына ұшыратады. Сол үшін зекетті дер кезінде берген абзал. Егер пенде мал-мүлкін жаратып жоқ қылса, зекет қарызы кешірілмейді, ал ақшалары өздігінен жойылса, зекет кешіріледі. Кез келген қоғам бай мен кедейден тұрады. Мұнда да Алла тағаланың біз терең түсіне бермейтін хикметі бар. Бай байлығымен, кедей кедейлігімен сыналады. Әсілінде, байдың да, кедейдің де ішіндегі тақуалары ғана Ұлы Рахманның құзырында абыройға ие болмақ. Зекет беру арқылы дәулетті адам кедейдің жай-күйін түсініп, өзінде барға шүкір етеді. Зекет алған кедейдің көңілі жайланып, байдың тілеуін тілеп, арада достық қарым-қатынас орнайды.

Лағнеті шайтан адамды «Зекет берсең, кедейленіп, аш-жалаңаш қаласың!» деп азғырады. Шынында, зекет – малымыздың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп болады. Зекет адамды өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық сияқты қылықтардан арылтып, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сынды жақсы сипаттарға баулиды. Жомарттық – Алланың сүйген құлдарының бойына дарытқан үлкен сыйы. Абдулла Ибн Аббас (р.а) былай деген: «Алла елшісі (с.ғ.а) адамдардың ең жомарты болатын. Әсіресе, жомарттықты Рамазан айында Жәбірейілмен кездескен кезде ерекше танытатын. Жәбірейіл онымен Рамазанның әр түнінде кездесіп, Құран оқитын. Расында, Алла елшісі (с.ғ.а.) Жәбірейілмен кездескенде игі істерге ескен желден де артық жомарт болатын». Сондай-ақ, мәшһүр ғалым, ұлық имам Әбу Ханифа да адалдығымен қатар жомарттықтың үлгісіндей еді. Ол пайданы ойлап, өзгелердің аңғалдығын пайдаланбайтын. Егер ол сауда-саттықта бір нәрсеге шүбәланса, заттарын дереу садақа қылып таратып жіберетін.

Бірде саудадағы серігі Хафс ибн Әбдірахманға біраз заттар беріп, сатуға жібереді. Сол тауарлардың арасында бір киімнің нұқсаны бар екенін, сатқан кезде сатып алушыға киімнің сол кемшілігін ескертуді тапсырады. Досы киімдерді сатқанымен, әлгі киім жайлы ескертуді ұмытып кетеді. Алған адамның кім екенін де білмейді. Осыдан соң Әбу Ханифа сол саудадан түскен барлық пайданы садақаға таратады. Сондықтан да, оның дәулетінде берекет болатын. Ол кісі ғалымдарға да көп көмектесетін. Жыл соңында табысынан артылған ақшаны ілім жолында жүргендерге таратып: «Мына қаражатты қажеттеріңе жұмсап, Алла тағалаға шүкір етуді ұмытпаңдар. Өйткені, бұл дәулет менікі емес, Алланың рақым етіп, менің қолым арқылы сендерге жіберген несібесі», – деген екен. Осындай мысалдар кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бауырларымызға ғибрат болса деп ойлаймыз.

Қарап отырсаңыз, үлде мен бүлдеге оранып жүрсе де, жиған мал-дүниесінің берекесі кетіп, күйзе­лісте жүргендер қаншама?! Демек, байлық бақытқа кепіл бола алмайды. Бай бақытты болуы үшін байлығының зекетін жылда беріп, шүкіршілік етіп отыруы тиіс. Сонда ғана өміріне береке кіріп, жүрегі тыныштық табады. Расында, бақыттың кілті – шүкірлікте! Мейірімді Алла шүкір еткен пендесіне берген нығметтерін арттырған үстіне арттыра береді. Алла – толық білуші, хикмет иесі!

Серік САРЫМОЛДАЕВ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Талдықорған өңірі бойынша «Зекет» қорының өкілі