БАЛАМ:"ЕРТЕГІ ЕМЕС, УАҒЫЗ АЙТЫП БЕРШІ",-ДЕДІ

Уақыты: 03.06.2019
Оқылды: 2305

Бүгін ұйқы алдында тұла бойым тұңғышым менен ертегі емес, уағыз айтуды сұрады, сенесіз бе?! Төрт жасқа да толмады әлі, кішкентай деп жүрсем балапаным әжептәуір әңгімелер айтады екен.

– Анашым, Алла деген кім?
– Бүкіл әлемнің жаратушысы.
– Бізді де жаратты ма сонда?
– Иә.
– Ал біз оны көре аламыз ба?
– Егер өміріміздің соңына дейін ешкімге зиянымызды тигізбей, ақ жолдан адаспай, тек жақсылықпен өмір сүрсек көре аламыз.
– Жақсылық деген не?
– Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерді де сыйлау, тірі жан иесіне тілмен, көзбен, я қол-аяқпен жамандық жасамау мүмкіндігінше.
– Ал жамандық деген не?
– Жамандық деген – біреуді ұру, соғу, өтірік, өсек айту, ұрлық жасау, көреалмаушылық. Шамаң келгенше әркімнің жақсылығына ортақтасқан сияқты қиыншылығында да қол ұшын тигізе білген дұрыс.
– Ұрлық жасау деген не?
– Өзіңе тиесілі емес, басқа біреудің затын рұқсатсыз не көрсетпей  тығып алу.
Балам сәл үнсіз қалды да, жылап жіберді.
– Анашым, мен енді Жаратушыны көре алмаймын ба? Мен бір жамандық жасап қойыппын. 
– Қандай?
– Айнаның алдында тұрған ақшаңызды рұқсатсыз алып едім.
– Жо-жоқ, балам. Өзім айтқам саған соны ал деп, өзің мән бермедің немесе естімей қалған шығарсың. Оған бола уайымдама.
– Анашым, мені кешіріңізші сонда да. Мен ешқашан біреудің затын рұқсатсыз алмаймын, ешкімге жамандық жасамаймын.

Еш боямасыз, дәл осындай әңгіме өрбіді арамызда. Баламның әр нәрсені білгісі келетініне, өз қателігін түсініп, мойындай алғанына қатты қуандым. Мағжаныма қарап, інісі Мүслім бой түзейді. Ағасы не істесе, ол қазірдің өзінде соны қайталайды. Сансыз шүкір, тұңғышымның осындай ақылды, саналы болғанына. Әрі қарай да бала тәрбиесіне қатты мән беріп, ақ жолдан адаспай, иманды, салиқалы азамат болып өсулері үшін барымды саламын.

Тоғжан ҚАСҚАРБАЕВА