ТАЛПЫНЫС ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1464
Бөлім: ОН САУСАҚ

Әсел ӨМІРБЕКОВА,кәсіпкер, ұлттық нақыштағы етік тігуші.

– «Ерінбеген етікші болады» деген мақалды қалай түсінесіз?
– Етік тігу оңай болса, жылы жер, жайлы орында шаң жұтпай, суыққа ұрынбай отырып, әркім-ақ  етік тіге беретін еді. Бірақ етікшінің жұмысы өте көп әрі күрделі. Тек жігері мықты, мамандығына құштар, сабырлы, табанды адам ғана етік тігумен айналыса алады.  
– Ұлттық нақыштағы етік тігуді кәсіп көзіне айналдыруға не себеп болды?
– Біраз жыл бұрын «Арлан» базарына жұмыс бабымен барғанымда ондағы адамдардың қазақы киіммен жүргенін көріп қуандым. Баскиім, кәжекей, шалбар, шұлығына дейін ұлттық өрнек салынған. Ал аяқкиімінде ұлттық нақыш жоқ. Осы кезде: «Неге қазақы өрнектелген аяқкиім шығармасқа?» деген ой келді. Содан бастап ізденіп, талпынып, сол ойымды жүзеге асыруға кірістім.
– «Әйел адам етік тігеді» деген ерсі естілетіні анық. Сізге ыңғайсыз емес пе?
–  Етік тігуге керекті материалдар сататын дүкенге барсаңыз, ылғи ерлер жүреді. Олар: «Мұның сізге керегі не?», «Оны не істейсіз» деген сұрақтар қоя бастайды. «Етік тігемін» десем, бәрі таңғала қарайды. Көздерінен «Әйел адам да етік тіге ме?» деген сұрақтарын оқып тұрамын. Затым әйел болса да, ер мінезділеу болғандықтан осы мамандыққа қызыққан шығармын.
– Сіздің өнімнің басқалардан айырмашылығы неде? Негізгі тұтынушылары кім?
 – Мен тіккен әрбір етікті қазақтың ою-өрнегімен нақыштаймын. Мақсатым – ата-бабаларымыздың дүниетанымын жаңғырту. Басында «Бұл етікті әртістер не молдалар кие ме?» – деп сұрайтындар көп еді. Қазір әр жастағы, түрлі саладағы адамдар сатып алады. 
– Кәсібіңізді дамыту үшін мемлекеттен көмек алдыңыз ба? 
– Мен жұмысты 2015 жылы бастап, 2016 жылы Алматы қаласында конкурсқа қатыстым.  3 млн. теңге мемлекеттік грант алып, жұмысымды кеңейттім. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантқа ие болдым. Жалпы, жұмыс істеймін деген адамға мемлекеттік қолдау жеткілікті. Бұрын ел ішіндегі, шетелдегі көрмелерге жиі баратынбыз. Карантиннен бері тоқтап тұр.

Қажет АНДАС