ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТІЛІ КЕШ ШЫҒАТЫН БАЛАЛАРДЫҢ АРНАЙЫ БАЛАБАҚШАСЫ БАР

Уақыты: 02.10.2022
Оқылды: 1599
Бөлім: ОН САУСАҚ

Логопедиялық бейімділігі бар балабақша тек психо-сөйлеу кешігуі бар 3-5 жастағы балаларға ғана емес, сондай-ақ, ата-анасы нәрестеге қажет дамуды қамтамасыз еткісі келетін кішкентай балаларға да ұсынылады. Ерте жас – сөйлеуді дамыту үшін ең қолайлы кезең. Ол жүйелі әрі үздіксіз болуы керек.

Әрбір ата-ана баласына балабақша таңдаған кезде көптеген жағдайға назар аударғаны жөн. Мекеме сәбидің дамып, жаңа білім алып, жетілуіне септігін тигізетін екінші үйіне айналады. Мамандар балалармен жұмыс істеу кезінде оларға білім беріп қана қоймай, олардың сөйлеу тілін жүйелі түрде дамытуға, оны байытып, жетілдіруге ұмтылады. Сондай-ақ, ана тілінің грамматикалық, фонетикалық дағдыларын меңгеруге назар аударады. Жасөспірімдер мамандардың жан-жақты әрі көпсалалы жұмыстарының арқасында анық сөйлеп, жаңа коммуникациялық дағдыларды игереді.

«BALAZHAN» аралас типті логопедиялық бейімді балабақша 2015 жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие қызметін атқарады. Топта 3-5 жас аралығында 50 бала бар. Ата-аналардың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымында қызмет ететін педагог, логопед мамандардың бала тәрбиесіндегі жұмысы көңіл тоғайтады.

Балабақша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Спорттық, медициналық, музыкалық кабинеттері талап үдесінен шығып тұр. Ондағы барлық қызмет санитарлық және білім беру стандарттарына сәйкес келеді.

Балабақша меңгерушісі Лаура Дәркенбаева бала тәрбиесіне басымдық беру ең негізгі міндеттің бірі екенін айтады. Кәсіпкер репетиторлық орталық ашу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-на бизнес-жобасын қолдауға өтініш беріп, «Forte Bank» АҚ-дан 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында инвестициялық мақсатқа қаржы алды. Нәтижесінде, 6 пайыз сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланып, жоба кепілдік құралымен қамтамасыз етілді.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы