САРЫӨЗЕКТЕ 14 БАЛАНЫҢ АНАСЫ КОФЕХАНА АШЫП, ЖОЛАУШЫЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІП ЖҮР

Уақыты: 17.11.2022
Оқылды: 1004
Бөлім: ОН САУСАҚ

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінен 14 баланың анасы Гүлназ Шәкенова шағын кофехана ашып, жолаушыларға қызмет көрсетіп жүр.

Шағын кәсіпті жүргізу үшін «Бизнес-Бастау»бағдарламасымен білімін жетілдіріп, арнайы жобасын қорғаған ол мемлекеттен 1,2 миллион теңге грант алған.

Кәсіпкер келіншектің сөзіне қарағанда шағын кафетерийді балаларының әртүрлі тамақты сұрайтынына байланысты ашқан. Яғни, балалары үшін түрлі тағам мен тәтті пісіруді үйренгені кәсібіне негіз болған. Соған сай тапсырыс берушілердің қалаған тамағын үйден пісіріп беруді қолға алады. Ақырында отағасымен, бала-шағасымен ақылдасып, жеке бизнес ашуға бел буады. Сөйтіп, кофе қайнататын шағын дәмхананың жұмысын жүргізуге тоқталады.

Мемлекеттік грантқа дәмхана үшін қажетті үстел-орындық,тоңазытқыш, термостат, кофеүгіткіш сияқты заттарды сатып алған көпбалалы ана «Coffeevita» жеке кәсіпкерлігін құрып, кофейня ашты. Дәмхана тапсырыс берушілердің сұраған тамағын жеткізіп берумен де айналысады. Шағын дәмханада кәсіпкер келіншектің балалары мен күйеуі жұмыс істейді. Сол арқылы бір үйлі жан жұмыспен қамтылып отыр.

Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан кофеханаға келуші үзілмейді. Күніне 20-дан астам адам дәм татып, ас ішеді. Құймақ, тоқаш, бәліш, бауырсақ, пахлава, рогалик сынды тағамдарды Гүлназ өзі пісіреді. Әсересе, кофе құмар жандар дәмханадан кофенің Американо, Капучино, Латте, Эспрессо секілді түрлерін, Ташкент, Марокко, Зімбір, Түрік шайларын іше алады. Қойылған баға жергілікті тұрғындар үшін қолайлы. 12 орынға арналған шағын дәмхананың жұмыс істеп тұрғанына бір айдан асты. Тапсырыс бергісі келетіндер «WhatsApp» мессенджері және «gulnaz_coffe_saryozek» Инстаграм парақшасы арқылы хабарласып тұрады.

Келешекте кәсібін ұлғайтып, жұмысын жандандыруды ойластырып отырғанын жасырмаған Гүлназ Жеңісбайқызы жолдасы Сәрсенбай Сәдуақасов екеуі 14 бала тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені 27 жаста болса, кішісі Нұрғалым 2 жасқа енді толады.Үлкен үш қызы тұрмыс құрып үлгерген көпбалалы отбасының екі баласы студент, бесеуі мектепте оқиды, кейінгі үш кішкентайы балабақшаға барады.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы