СӨГЕТІ АУЫЛЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ТАУ-КЕН ӨНЕРКӘСІБІ БОЙ КӨТЕРЕДІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 03.12.2022
Оқылды: 1993
Бөлім: ОН САУСАҚ

Еңбекшіқазақ ауданында тау-кен байыту кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жер учаскесінде барлық қажетті инфрақұрылым жасалып, вахталық кенттің құрылысы аяқталды.

Инвестицияның жалпы құны 94,5 млрд.теңгені құрайды. Мұнда жылына 3,3 миллион тонна кен өндіріледі және өңделеді деп күтілуде, одан жылына 10 мың тонна концентрат алу жоспарда бар. Сондай-ақ, 350 жұмыс орны құрылып, талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашылады. Аталған жоба Сөгеті ауылдық округінің Бұғыты массивінде жүзеге асырылмақ.

Бастапқыда құрылыс жұмысын 2020 жылдың II тоқсанында бастау көзделген. Бірақ пандемияға байланысты бұл жұмыс кейінге шегерілді. Инвестор – Қытайдан келген серіктес. Дайын өнімді ТМД және Еуропа елдеріне, сондай-ақ, Қытайға экспорттау жоспарлануда. Қазақстанда вольфрам триоксидінің жиынтық қоры 2 миллион тоннаға бағаланады. Бұғыты Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан ең ірі кен орындарының бірі болып саналады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы