ҚАПЕР. ЕГІНДІ ДЕ САҚТАНДЫРА АЛАСЫЗ

Уақыты: 14.03.2023
Оқылды: 1261
Бөлім: ОН САУСАҚ

Егінді құрғақшылық пен жаңбырдан сақтандыру бойынша келісім-шарт жасауға өтінім қабылдау басталды. Өтінімді Kezekte.kz сайтындағы Qalqan ақпараттық жүйесінде жіберу керек. Сақтандыру келісім-шартының құны мемлекеттік субсидия есебінен 80%-ға  азаяды. Сақтандыру операторы – аграрлық несие корпорациясы.

     Биыл сақтандыруға жататын ауыл шаруашылығы дақылдарының тізіміне бұрынғы бидай, арпа, сұлы, жүгері, күнбағыс, рапс, зығырдан бөлек, қарақұмық, тары, дәнді құмай, көктемгі тритикале, қара бидай, бұршақ, ноқат, жасымық, майбұршақ, зімбір, мақсары және қыша кірді. Дәнді дақылдар бойынша топырақтың ылғал тапшылығынан сақтандыру шарттарын 1 сәуірге дейін, майлы дақылдар бойынша 15 сәуірге дейін жасау қажет. Топырақтың ылғал тапшылығы индексі бойынша сақтандыру арқылы қорғау кезеңі 2 фаза болса, 15 маусымнан 15 қыркүйекке дейін, 3 фаза болса, 15 мамырдан 14 қыркүйекке дейін созылады.

     Топырақтағы артық ылғалдан сақтандыру шарттары 1 тамызға дейін жасалу керек. Осы өнімді сақтандыру арқылы қорғау кезеңі –15 тамыздан 14 қазанға дейін. Биыл индекстік сақтандыру өнімдерінің тарифтері өзгерді. Мәселен, егер фермер 1 мың гектарды сақтандырған болса, онда сақтандыру шартын жасасу кезінде шығындар нормасы бір гектарға 50 мың теңге болғанда сақтандыру сыйақысы 1 750 мың теңгені (1мың га. * 50 мың теңге * 3,5% сақтандыру тарифі) құрайды. Осы соманың 1 400 мың теңгесін мемлекет субсидия түрінде төлейді (сақтандыру сыйақысының 80%).

     Сақтандыру жағдайы басталған кезде фермер 16 500 мың теңге (1мың га. * 50 мың тг. * 33%) мөлшерінде сақтандыру төлемін алады, бұл 2 фазалық сақтандыру кезінде шарт бойынша сақтандыру құнының 33% ең жоғары мөлшеріне сәйкес келеді.

     Айта кетейік, топырақтың ылғал тапшылығы мен ылғал артықшылығы индекстік сақтандыруды іске асырудың 3 жылы ішінде егіншілер сақтандыру төлемдері ретінде 2 млрд. 552 млн. теңге алды, бұл сақтандыру сыйақыларының жалпы сомасынан 1,6 есе артық. Фермерлер төлеген сақтандыру сыйақыларының сомасы 1,5 млрд. теңгені құрады, оның 787 млн. теңгесі мемлекеттік субсидия ретінде төленді.

Фото: dsh.kurganobl.ru

Айгүл Байжұмақызы