Жас ана "Табысты отбасы" жобасы арқылы бизнес ашты

Уақыты: 23.04.2023
Оқылды: 1899
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу облысының тұрғыны Айгерім Еркінбекова «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы аясында сүйікті ісін бизнеске айналдыруға мүмкіндік алды. Үш бала тәрбиелеп отырған жас ана бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болса да аспаздық шеберлігін жетілдіре түсумен қатар сұранысқа ие десерт түрлерін әзірлеу арқылы айтарлықтай табысқа кенелуде.

«Табысты отбасы» жобасының екінші оқыту маусымының түлегі қазіргі уақытта қаладағы сауда үйлерінің бірімен қажетті мөлшерде капкейк, трайфл, тарталетка және эскимо тәттілерін жеткізу бойынша өзара келісімге қол жеткізген.

Сондай-ақ, жас кондитер Талдықорған қаласының бірнеше дүкеніне жаңа піскен самса мен тәтті өнімін жеткізіп, үйден торт пен тәтті бәліш пісіріп жүр. Оның айлық табысы 400 мың теңгеге дейін жетеді.

– Әрине, бұл  оңай шаруа емес. Менің 3 балам бар, оның ең кішісі 5 айлық. Сол себепті ас бөлмесіндегі сүйікті ісіммен балалар ұйықтағаннан кейін, көбіне кешкі уақытта айналысамын. Осы тұста жоба аясында алған білімім мен біліктілігім  айтарлықтай көмектесуде. Шағын да болса өз ісіңді орта жолда қалдырмай алып жүру үшін де үлкен күш-жігер мен мақсат керек. Жалқаулықтан жетістікке жетіп, кәсібіңді ұлғайта алмайсың. Алдағы уақытта өзімнің жеке кондитерлік цехымды ашатыныма сенемін. Менің жасым 30-ға да толған жоқ, сол себепті әлі бәрі алда, – деп жас ана өз ойымен бөлісті.

Айта кетерлігі, кондитер тапсырыстарды «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «maryam_taldykorgan» парақшасы арқылы да қабылдайды. Сондай-ақ, кондитерлік өнімдердің жасалу жолы және дайын өніммен де оқырманын хабардар етіп отырады.

Бүгінде Жетісу облысы бойынша «Табысты отбасы» жобасына 60 тұрғын қатысты. Олардың 22-і «Бьюти-индустрия» бағыты бойынша, 18-і «SMM маманы», 10-ы «Кондитер» және тағы 10 қатысушы «Тігін ісі» бойынша оқып шықты. Жобаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылық қолдау көрсетеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі