Іскер келіншек

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 1823
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ақын Сара ауылында тұратын Айқамал Хамит бүгінде кәсіп ашып, ауыл тұрғындарын нан түрімен қамтамасыз етіп отыр. Ол алдымен «Бизнес-бастау» жобасы аясында оқу курсынан өтіп, біліктілігін шыңдаған. 

Сөйтіп «Хамит» жеке кәсіпкерлігін ашты. Алдымен 12 бас жылқы сатып алып, бағып-қағады, сосын қымыз өндіреді.

– Қазір ауыл шаруашылығымен айналысу тиімді бизнес. Халық табиғи өнім тұтынуға тырысады. Сол себепті оған сұраныс жоғары. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алдым, – дейді кәсіпкер. 

Айқамал кейіннен мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару байқауында да жеңіске жеткен. Нәтижесінде наубайхана, шаштараз, «Қазпошта» АҚ пункті сияқты бірнеше нысан ашып, қызмет көрсетуде. Наубайханада күніне 250-ден 500-ге дейін нан шығарылады. Онда 3 адам жұмыс істейді.     

– Наубайхана шағын болғанымен жұмыс көп. Өйткені іскер әйелдің өнімдеріне ауылдастары ерекше қызығады. Елді мекенде бизнесті дамыту ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыруға ықпал етуде. Кәсіпкердің табысты ісі ауданның ғана емес, сондай-ақ, облыстың дамуына да үлес қосады деп білеміз, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының салалық даму жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Бекмұрат Мұсахан. 

Қазіргі уақытта кәсіпкер Ескелді ауданының 4 елді мекенін нанмен қамтамасыз етеді. Шаштараз қызметіне Ақын Сара ауылының тұрғындары ғана емес, жақын маңдағы елді мекен жұртшылығынан да сұраныс жоғары.

А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Ескелді ауданы