Ескелді ауданының тұрғыны сүт қабылдау пунктін ашты

Уақыты: 27.06.2023
Оқылды: 2000
Бөлім: ОН САУСАҚ

Осыдан 6 жыл бұрын Ескелді ауданының тұрғыны, кәсіпкер Тұрсынжан Мәмеш ірі қара мал өсіруге арналған өндірістік кооператив, біраз уақыттан соң сүт қабылдау пунктін ашты. 

 Бүгінде оның бизнесінің тасы өрге дөңгелеп келеді. Сүт өндірісінің тұрақты дамуына ғана емес, сондай-ақ, жұмыс орындарының ашылуы мен сақталуына да оң әсерін тигізуде. Кәсіпкер жігіт 76 құрылтайшымен бірлесіп «Берік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» өндірістік кооперативін құрды. Аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалы мамандарынан кеңес алып, бизнесті одан әрі өрістетуге ниетті. Осылайша, филиалдың қолдауымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан сүтті бағыттағы ІҚМ өсіруге 6%-бен 146 млн. теңге мөлшеріндегі несиеге қол жеткізді. 

Нәтижесінде сүт қабылдау пункті ашылды. Бұдан соң кәсіпкер 3 тонна сүт салқындатқышын сатып алып, оның құнынан 40 пайыз субсидия иеленді. Сүт тасымалдайтын көлігі де сақадай-сай тұр. Ауылдастарын да жұмыспен қамтыған. Қазір 3 сүт тасымалдаушысы бар. Кәсіпкер жігіт автокөлік құнына  мемлекет тарапынан да субсидия алған. Кооперативте 7 адам еңбек етеді. Қазір ауылдықтардың сүтке сұранысы жоғары. 

– Ауданның 4 елді мекенінен сүт қабылдаймыз. Өнім 370-тен аса отбасыдан жиналады. Кооперативте 3 машина бар. Күніне 5 тоннаға жуық сүт қабылданып, «Ләззат» ЖШС-не тапсырылады, – дейді Тұрсынжан Мәмеш. 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы басқарушы директорының салалық даму жөніндегі орынбасары Бекмұрат Мұсахан мемлекеттік қолдау шаралары арқылы өңірде шағын және орта кәсіпкерлік бойынша жұмыс істейтіндердің көбейіп келе жатқанын айтты. Бүгінде облыс бойынша агроөнеркәсіп кешені саласында 20 мыңға жуық кәсіпкер еңбек етеді.

Айгүл Байжұмақызы
Ескелді ауданы