«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты

Уақыты: 08.07.2023
Оқылды: 1981
Бөлім: ОН САУСАҚ

Өткен жылы Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде ауылға баса көңіл аударылатынын жеткізген еді.


Президент: «Алдағы 3 жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» – деген болатын. 

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелентуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін  2,5 % шағын несие беріледі.

Асхат Мәлімбаев, кәсіпкер:
 – Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізсек, наубайхана ғимаратын заманауи үлгіде жөндеп, жылу, су жүйелерін жүргізіп, ескірген нан пештерін жаңаласам деймін. Сондай-ақ, ауылдан жылыжай кешенін салу, тауарлы-сүт фермасын ашу, кооператив құру, басқа да жұмыстарды іске асыру жоспарда бар. Наубайхана ісін жүргізіп келе жатқанымызға 1 жыл. Негізгі тұтынушыларымыз ауыл тұрғындары. Нан түрлерін жасауға күніне 2 қап ұн кетеді. Күн сайын  200-250 нан сатылады. Тапсырыс бойынша пицца, фри сияқты тағам түрлері де пісіріледі. Жаңа жабдықтар сатып алынған соң өнімдерімізді аудан, қалаларға шығарсақ дейміз. Кәсіпті кеңейтіп, тағы біраз адамды жұмысқа алу ойда бар. 
 

Осыған байланысты Қарашоқы ауылында да аталған жоба аясында қолға алынып жатқан жұмыстардың бар екенін байқадық. Қарашоқы ауылдық округінің әкімі Дина Ақбасованың айтуынша, округте 2 мыңнан аса адам, 479 аула бар. Рудник, Арқарлы ауылдары да осы округке кіреді. 101 жеке шаруа қожалығы, «Қарашоқы» өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативі, 18 сауда орындары жұмыс істейді. Ауылда биыл 200 орынды Мәдениет үйіне күрделі жөндеу басталып, жұмыс қараша айында аяқталмақ. Сонымен бірге жолдар жасалып, ауызсу жүйелерінің құрылысы жүріп, тамыз айында қолданысқа берілмек.
Ауылды таныстырған әкім кезінде жұмыс істеген, кейіннен тоқтап, қайта іске қосылған наубайхананың бүгінгі тіршілігін көрсетті. Біз ол жердегі қызу жұмыспен таныстық. Ішіне кірген мезетте-ақ ыстық нан мен тәтті тоқаштардың иісі тәбет ашты. Ондағы қыз-келіншектердің бірі нан илеп, екіншісі пешке салып пісіріп, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып жатты. Олар 2 ауысымда жұмыс істейді. Нан пісірушілердің ішінде көпбалалы аналар да бар.

Осындай істі қолға алған кәсіпкер Асхат Мәлімбаев туған жерін түлетуге күш салып, біраз ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Өнім жасайтын ұн сатып алынады. Кәсіпкер бұрын спорт мектебі болып, кейіннен қараусыз қалып, тозығы жеткен ғимаратты сатып алып, қазір оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нысанды алдағы қыркүйек айына дейін қалпына келтіріп, заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ретінде пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ауыл балаларының спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік болмақ. 

Ішінде ұл-қыздарға арналған жуынатын орын, бассейн, жаттығу бөлмелері, басқалары бар. Алаңы абаттандырылып, көгалдандырылып, гүлдендіріліп, көріктендіріледі. Айта кетейік, бұл жұмыстың бәрі кәсіпкер жігіттің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"