Талдықорғандағы «Мақта қыз» тігу шеберханасы несімен ерекше?

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 2426
Бөлім: ОН САУСАҚ

Талдықорғанның іргесіндегі Көктал ауылындағы Қарашоқы көшесінде орналасқан «Мақта қыз» тігу шеберханасы өз жұмысымен көпшілікті қуантып келеді. Әуелі әр заттың сапасы, материалы басты назарда, ал тұтынушылар үшін бағасы тиімді. Аталған тігу шеберханасын бүгінде дөңгелентіп отырған Салтанат  Зәуренбекпен сұхбаттасқан едік.

– «Мақта қыз» тігу шеберханасы қай жылдан бастап жұмыс істеп келеді? Кімнің идеясы? Іс қалай басталды?

–  «Мақта қыз» шеберханасы 2022 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп келеді. Бұл – анамыздың идеясы. Анамыздың бастауымен іске кіріскенбіз. Отбасылық бір іс бастауды жоспарладық және ол қазір жемісті болып жатыр деп ойлаймын. Бастапқыда тек көрпемен ғана айналысамыз деген ой болған, артынша тігу шеберханасын аштық. Қазір жүн, мақта түту, қыз жасауы, ескі көрпені жаңарту, төр көрпелер, матрастар, балаларға арналған көрпелерді жасаймыз. Бүгінде тек Талдықорғаннан емес, жан-жақтан тапсырыс көп түседі. Анамыз ортамыздан жақында ғана сақи өмірден бақиға аттанды. Анамыз бастап кеткен істі мұра ретінде қарап, бағалап, жұмысымызды адал және тиянақты жалғастырып келеміз (ред. Салтанаттың анамыз деп отырғаны – енесі Алмагүл Оңғарбаева. Өмірінің соңғы жылдарында аймақтағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында  адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы болды. Ал Салтанат кіші ұлы Әділеттің жары).

– Тігін машинасы, басқа да құрылғылар қай жақтың өнімі, қалай алдыңыздар? Бүгінде қандай құрылғылар бар?

–  Қазіргі таңда шеберханымызда жүн жуу, жүн түтетін, көрпе сыру машинасы, матрас тігетін, кескіндейтін лазер аппараты және тігін машинасы бар. Барлық құрылғыларды Қытайдан алдырттық.   Әлемде пандемия орын алғанда құрылғыларымыз қолымызға біз ойлаған мерзімнен кешігіп жетті. Жақын арада жастықты қайта өңдеу машинасын алуды жоспарлап отырмыз.

– Маталарды қайдан аласыздар, оларды іріктеу, таңдау қалай жүргізіледі?

– Дәл қазір маталарды Алматыдан алып келіп жүрміз. Тұтынушылардың сұрауымен және өзіміздің таңдауымызбен әртүрлі сападағы маталармен жұмыс істейміз.

–  Айына, аптасына орта есеппен қанша тапсырыс түседі? Мезгілге қарай тапсырыстардың саны өсіп, болмаса түсіп отыра ма?

– Көктем  мен жазда тапсырыс күрт өсті. Жаңадан отау құрған жастардың тапсырысы көп. Жұмысымыз жылдың барлық мезгілінде тоқтаған емес. Үйлену маусымы бәсеңдеген соң  көбінесе көрпелерді қайта өңдеумен айналысамыз. 

– Ене  мен келін арасындағы байланыс. Ене – үлкен мектеп. Тігін шеберханасын бірлесіп ашу арқылы көп іс үйренгеніңіз анық. Есіңізде қалған,  сізге айтқан ақылы. Ол кісі бастап кеткен істі бүгінде жалғастырып жатырсыз. Келешекте шеберхананы кеңейту ойыңызда бар ма?

– Менің енем – анамдай болып кеткен ақылды, парасатты, еңбекқор жан еді. Шыны керек, осыған дейін тігін тігу жағын білмейтінмін, енемнің жанында жүріп үйрендім. Бүгінде бұл іске үлкен махаббатпен кірісемін. Алға қойған мақсатымыз көп. Сатылым айналымын өсірсек, жұмыс орындарын көбейтсек, өзіміздің дүкенімізді ашып, таза экологиялық тауарымызды қазақы нақышта шетелдерге экспорттап, «Мақта қыз» өнімдерін брендке айналдырсақ деген арманымыз бар. Бастағанда арман еді, арманымыз мақсатқа айналды. Алда жұмыс көп, тек еңбектенуіміз қажет.

– Мемлекеттік қолдауға жүгіндіңіз бе?

– Мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жобалары  аясында  құрылғыларымызды төменгі пайызбен несиеге алдық. Қосымша жұмыспен қамту орталығы жұмысшыларымызды жалақымен демеп отырды. Бұл тұрғыда мемлекеттік жобаларға өз алғысымыз шексіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Серік Қантай