Тұқымы асыл «Сандыгер»

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 687
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінгі таңда төрт түлік малдың басы айтарлықтай қымбаттады. Баға нарық сұранысына байланысты әлі де өседі деген болжам бар. Мал баққандар өсірген түлігінің төлін сатып, үй-жайын жаңалап, балаларын орта, жоғары білім ошақтарында оқытып, басқа да мұқтажына қол жеткізіп отыр.

«Біз мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз»  деп Қаздауысты Қазыбек би айтқандай, ежелгі атакәсібіміз бүгінгі жаһандану дәуірінде де сұранысқа ие. Әлемде қазақтың халал асына тамсанып жүрген елдер де бар. Мұны Президент халыққа еселі табыс әкелетін береке деп қытай, араб сынды елдермен келісіп те жүр. Жақын жылдары шетелдерге мыңдаған тонна сапалы ет сату жөніндегі осы келісімшарттарға жауап бере алатын жағдайымыз бар ма? Сапалы өнім беретін түліктің төбелісі қайсы? Табиғат, жер жағдайына қарай қай өңірде қандай мал өсірген тиімді? Басқа да көптеген сауал мазалайды. Климаттық жағдайды зерттеп, жемшөп базасын рационға сәйкес жасап алмай, мал жайылымдарының жұғымдылығын, түлік тұқымының жерсінуін ескермей, шетелдерден жүздеп, мыңдап ірі қара әкеліп, әртүрлі қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді де естіп, көріп жүрміз. Осындай мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, баспасөз бетінде мал өсіруші ағайынмен ақылдасқан артық емес.

Қазақстанда өсіруге ұсынылған ет бағытындағы ірі қара мал тұқымдарының зоотехникалық сипаттамаларына тоқталсақ, олардың пайда болу тарихы мен күй таңдау ерекшелігіне баса мән берген жөн. Елдің әр аймағында жерсіндірілген ет бағытындағы  Қазақтың ақбас сиыры, Әулиекөл тұқымы, Қалмақ ірі қарасы, Герефорд, Абердин-ангус, Галловей, Санта-гертруда сынды сиыр тұқымдарының зоотехникалық сипаттамалары әралуан. Мал тұқымын асылдандыруды ерте қолға алған аудандардың бірі саналатын Жаркент өңірінде қазір ет бағытындағы ірі қара мал өсіретін 70-тен аса шаруашылық бар. Оларда негізінен ірі қараның 60 жылдан аса уақыттан бері жерсіндірілген Санта-гертруда тұқымы бағылып келеді. 

Бұл тұқым осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын АҚШ-тың Техас штатында, Санта-гертруда патшалығында ыстық климат жағдайында, жайылымда бағып өсіру әдісімен, капитан          Р. Кингтің   ранчосында   Шортгорн тұқымды сиырларын үнді Зебу бұқаларымен будандастыру тәсілімен алынып, будандарды өз ішінде шығару арқылы пайда болған. Яғни, селекциялық әдіспен қалыптасқан үй жануары. Арғы тегі жабайы жануардың өзге малдан өнімінің артықшылығы мен ерекшелігі көп. Техас штатының ыстық климат жағдайында шығарылғандықтан бұл тұқым аптап ыстыққа өте төзімді, талғампаз емес, қансорғыш жәндіктерге сезімталдығы төмен, ірі сабақты, қамысты өсімдіктерді жақсы жеп, қорыта алады. Сондай-ақ, бұл мал пироплазмоз ауруымен ауырмайды. Герефорд және Шортгорн тұқымдарымен салыстырғанда Санта-гертруданы климаты ыстық аймақтарда өсіру тиімді. Тез жетілгіш, өсу энергиясы жоғары, соған байланысты өзімен жасты басқа ағылшын ірі қара мал тұқымдарымен салыстырғанда 15-20 пайыз жоғары өнім береді. Еті өте дәмді, сүтінің майлылығы жоғары. 

Бұл тұқым өткен ғасырдың 1956-1967 жылдарында Кеңестер одағына Америкадан алынып, жерсіндірілді. Малдың мұхит асып келіп, Орта Азияда жерсінуіне тоқталар болсақ, АҚШ-қа Кеңес үкіметінің ауылшаруашылығы мамандарының делегациясы 1956 жылы арнайы сапарлап барады. Олардың басты мақсатының бірі – асыл тұқымды мал түрлерін сатып алу. Бұл кезеңде АҚШ пен КСРО арасындағы саяси қарым-қатынас біршама жақсарып, Кеңес одағында бесжылдық жоспарларды мерзімінен бұрын орындау науқанының қызып тұрған шағы болатын. Соның бірі – Қазақстанда ірі қара мал санын 1,9 миллионнан 5 жылда 3 миллионнан асыра өсіру міндеті межеленген. Сол сапардан соң КСРО-ға алғаш рет 60 бас таза қанды Санта-гертруда тұқымы жеткізілді. Оның 21-і  1 жастан асқан бұқашалар, 39-ы құнажын.

Кеңес үкіметі АҚШ-тан асыл тұқымды ірі қараны «байқап көрейік» деген тәуекелмен алып келмеді. Алдын ала тиянақты ғылыми зерттеулер мен жоспарлар жасалған. Одақ көлемінде осы мал түрін қайсы республикада өсірген тиімді нәтиже беретіні қарастырылды. Сол тұста Қазақстанның оңтүстік облыстарында Санта-гертруда сиырын бағуға қолайлы жайылымдардың көптігі ескерілді. Бастапқыда Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина елдерінде де осы малды көбейту жоспарланды. Санта-гертруда тұқымды ірі қараны асылдандыру мақсатында одақта 5 шаруашылық таңдалыпты. Соның екеуі бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданындағы «Көктал» асыл тұқымды мал шаруашылығы және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Куликовский» тәжірибе шаруашылығы болды.

АҚШ-тан 1956 жылы алып келген 21 бұқаның бар-жоғы 7-еуі ғана Панфилов ауданының «Көктал» мал шаруашылығына берілген. Санта-гертруда тұқымды сол бұқалар шаруашылықтағы арнаулы тәжірибе алаңында бағылып, көбейтілді. Америкалық бұқалардың жергілікті сиырларға шағылыстырып алынған төлі өз отанындағыдан салмағы жағынан асып түсті. Мысалы, «Көктал» кеңшарының селекциялық тәжірибе орталығына алып келген америкалық «Марс» атты бұқаның жергілікті сиырға шағыстырылып алынған «Көктал» атты төлі 5 жасында әкесінен 200 келі артық салмақ тартып, 1150 келі салмақ көрсетіпті. Жартылай жабайы «Сандыгердің» өнімділігі, жаңа туған бұзауларының ширақтығы басқа малдан асып түсті. Сондықтан ол Қазақстанның ыстық аймақтарына кең тарап, өнімділігі жоғары мал ретінде өсірілді. 

Бұл малды сақтап қалу бағытында Жаркент өңірінде атқарылған тиянақты жұмыстардың нәтижесінде саны тез өсіп, кеңес кезеңінде оны бағумен арнайы шаруашылықтар шұғылданды. Мысалы, Панфилов ауданындағы «Айдарлы» кеңшарында ол шаруашылық өндірісінің негізгі бағыты болса, аудандағы «Көктал», «Үшарал», «Қазанның 40 жылдығы», «Бірлік», «Киров», «Калинин» сынды ірі шаруашылықтарда «Сандыгердің» саны табындап көбейді. Өкінішке қарай, шаруашылықтар таратылғаннан кейін оның саны күрт төмендеп, ауылдарда бұрын осы малды баққан бақташылардың жекеменшігінде санаулысы қалған кез де көз алдымызда.

Мемлекет қолдауымен мал шаруашылығы қайта өркендеу жолына түскелі бері асыл тұқымды етті бағыттағы Санта-гертруда сиырының жалпы саны бүгінде Қазақстанда 22 мыңға жуықтады. Өсімтал түліктің 9 мыңға жуығы Жаркент өңірінде, 4,5 мыңы Алматы облысында, 340 басы Қызылорда аймағында. Оның 13600-і асыл тұқымды мал ретінде мемлекеттік тіркеуге алынған. Көрсеткіш бойынша бұл тұқымның басым бөлігі Жаркент өңірінде орналасқан. Сондықтан болар, «Санта-гертруда тұқымының республикалық палатасын» құрушылар құрылтайы Жаркент қаласында өткізіліп, оның басқарма кеңесінің мүшелігіне Жаркент өңіріндегі осы малды көптен бері өсіретін «Алтай», «Қалиев. Б.», «Омар», «Барманбек», «Оспанов. А.», «Әжібаева», «Рахымбеков» және «Жақыбаев. Б.» ЖШҚ басшылары сайланды. Сонымен бірге «Санта-гертруда тұқымының республикалық палатасы» басқармасының орталығы Жаркент қаласына орналасып, оның басқарма төрағасы болып асыл тұқымды Санта-гертруда малын өсіретін жаркенттік кәсіпкер Әбілхан Оспанов сайланған болатын. Бұл азаматтың әкесі марқұм Балабек қария ЖШҚ-да түлік тұқымын сақтап қалумен қатар санын көбейткен жан.

– Жаңа құрылым жұмысын жүйелі жүргізіп отыр. Соның нәтижесінде палата құрамына енген барлық шаруашылықтағы аталған тұқымдас малдар туылған тегіне жіктеліп, олардың табиғи ортаға бейімделуі мен өсімталдығы тұрақты қадағаланып келеді. Жерсіндірілген асыл тұқымды өнімділігі жоғары мал тұқымын сатып алушылар қатары көбейе бастады. Палата құрамына кіруге тілек білдірушілер де аз емес. Басқа аудандар мен облыстардан осы палата арқылы бұқа сатып алушылар қатары да қалыңдай түсті, – дейді палата менеджері Әлмен Жексенбиев.

Палата басшысы Әбілхан Оспанов пен Көктал ауылындағы «Әжібаева» ЖШҚ жетекшісі Берік Молдақұлов Америкада өткен Санта-гертруда тұқымды ірі қара өсірушілер қауымдастығының дүниежүзілік кеңесіне қатысып, тәжірибе алмасып, бірқатар келісімшартқа қол жеткізіпті. Сол келісімдегі үлкен олжа әрқайсысы 500 АҚШ доллары тұратын 160 эмбрионды Айдарлы ауылдық округіндегі «Оспанов. А.» ЖШҚ-на грант арқылы алуға қол жеткізді. Мұхиттың арғы жағынан арзан бағада таза тұқым алудың жолын тапты. Қазір қауымдастыққа мүше барлық шаруашылық АҚШ-тан, басқа шетелдерден оның таза тұқымын алуға, төлін асыл тұқым нарығымен сатуға қол жеткізіп отыр. Бұл шаралар жақын жылдары үлкен нәтиже беріп, мал тұқымын асылдандыруды одан әрі дамытатыны сөзсіз. Еті мәрмәр, сүті қою, құнарлы, өнімділігі жоғары, жарты ғасырдан аса уақыттан бері Жетісуға жерсінген бұл малды қазақтар өзінің жалпақ тілімен «Сандыгер» деп атап, тұқымдық сапасын сақтауға атсалысып келеді. 
 

 Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Жаркент қаласы