Абайдағы алма бағы

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 1185
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алмалы ауылдық округіне қарасты Абай ауылы Алатаудың шұрайлы да құнарлы баурайына ірге тепкен. Ежелден  жеміс-жидектің мекені болғандықтан тұрғындарының ауласы жеміс ағаштарына бай. Сол қатарда 10 гектар аумақты алып жатқан алма бағын «Мұхит» шаруа қожалығы күтіп-баптап,  игілігін көруде.

– 1992 жылы «Энергия» ұжымшарының төрағасы Нұртай Танабаев күтімсіздіктен қурап қалған алма бағын қайта жандандыру мақсатында осы жұмысты маған тапсырып еді, – дейді «Мұхит» шаруа қожалығының басшысы Қалел Сасанбаев. – Нартәуекел деп іске кірістік. Қартайған ағаштарды отадық та орнына 4677  түп алма, алмұрт көшетін отырғыздық. Сыртын айналдыра тоған қазып, су жеткізіп,  бар уақытымызды жеміс ағаштарын күтіп-баптауға арнап едік. Біраз жылда бау-бағымыз жайқала өсіп, жеміс бере бастады. 

Қалел ағамыз «Энергия» ұжымшарында 1964 жылдан еңбекке араласып, 1996 жылы шаруашылық тарағанша маңдай терін төгіп жүріп жетістікке жеткен. Кейінгі кездері  осы Абай ауылындағы өндіріс кооперативінің өркендеуіне де үлесін қосты. Жекешелену науқаны басталғанда осы алма бағы жекеменшігіне өтті. Жылдан-жылға қожалық қоржыны  қомақтана түсті. Экологиялық жағынан таза да дәмді жеміс тұтынушыларды қызықтырмай қоймайды. Қожалық иелігінде бүгінгі таңда бау-бақпен қатар егістік алқап та, асыл тұқымды мал да бар. 

Қалел Сасанбаев 1971 жылы Талдықорған индустриалды-педагогикалық техникумын бітірген. Ұжымшарда механизатор, еңбек қауіпсіздігі жөнінде инженер, кейіннен бригадир болып жұмыс істеді. 1983 жылы ұжымшарға «Т-16М» тракторлары келе бастады. Аталған техниканың ақауын аңғарған білікті маман оның 11 түрлі олқылығын қағазға түсіріп, «Харьков» трактор зауытының конструкторлық бюросына нақты ұсынысын жолдайды. Араға екі ай салып жауап та келеді. Украиндық зауыттың конструкторлары қазақ- стандық қарапайым механизатордан кешірім сұрап, ұсынысты ескергенін, атап көрсетілген олқылықтың бәрі дұрысталғанын, нәтижесінде техниканың жаңа партиясы механизаторларға қолайлы болатынын жеткізген екен. Бұл, әрине, кемшілікке кеңшілік жасау табиғатында жоқ Қалел ағаның шынайы бітім-болмысы.

Расында да елі дарқан, жері құт туған жеріміздің басты қазынасы – маңдай тердің өтеуін көріп жүрген еңбек адамдарының ерен істері. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ 
Сарқан ауданы