«Алма піс, аузыма түс» дейтін заман жоқ қазір – ЖиҺаз жасайтын кәсіпкер

Уақыты: 14.11.2023
Оқылды: 1977
Бөлім: ОН САУСАҚ

Біз осы кімнен кембіз? Кемдігіміз қайсы? Дүниеге келгенде кім-кімнен кем болыпты? Тең болмаса, кем болмапты, болмайды да! Ал бүгінгі кемдігімізге не түрткі? Қайсы себеп? Іздесек себеп те, салдар да жетеді. Бізде анау жоқ, мынау жоқ! Бізге үнемі жетпейді. Бізге бəрі керек! Керек емес дүние бар ма? Тағы да жоқ. Жоқ дегеннен бар пайда болмайтынын ескерген кім бар? Бұрындары үлкендер «жоқ-жоқ дей берме, жоғаларсың» деуші еді. Біздің жоқ таусылар емес. «Жоқ» дегеннен біреу барын бермейді. Азғантай бар мен жоқ арасын таразылап болсақ, әңгімемізді әрмен өрбітейік. Біз осы хакім Абайдың «ақылға бірлік» пайымын түйсініп жүрміз бе? Қайдам?! Түйсінгендер бұлай тірлік қылмас болар еді. Бәріміз түсінбедік дей алмаспын. Түсінгендер де бар арамызда. Солардың бірі – Айболат Махай. Бұл кісі несімен ерек деген сауал тұр кеудеңізде. Айталық...

Көксу ауданында тап қазір жасалған жиһаздың дені осы жігіттің ауласынан шыққан. Аядай үйдің жанында шағын, шағын дей алмаспыз, аудан үшін үлкен цех жұмыс істеп тұр. Дамылсыз. Өйткені тапсырыс көп, жұмыс соған сәйкес. Бұл саланың әр қарекетін игерген 4 жігіт, 4 қазақтың қара домалағы қондырғылардың құлағында ойнауда. Бірі – ағашты тіледі, екіншісі – бояйды, үшіншісі – құрастырады, төртіншісі... Осылай тоқтаусыз процесс. Айтпақшы, 4 шебердің жалақысы 200 мың теңгенің маңайында. Кейде тапсырыс көп болып жатса мұндағылар да сыйақы алады.

Бұл цехта 18 млн. теңгенің қондырғылары орналасқан. Уақытында цех иесі «Даму» қорынан несие алып, осы кәсіпті жандандырған. Жандандырған дедік қой, Айболат Махайдың әкесі әу бастан ағаш шеберлігін тұрмысына арқау еткен екен. «Әке көрген оқ жонар» деген, Алматы қаласындағы жоғары оқу орнын экономист-менеджер мамандығымен бітіріп шыққан соң кәсіп бастауға, сол арқылы несібе жинауға оқталады. Талаптың тұлпарын мінген соң атылмай қоймады. Қаржылық ұйымға кәсіптік жоспарын апарып, несиесін алды, кәсібін бастады. Тарихы 10 жылға жуықтаған «Айболат» серіктестігінің цехы осылай басталды. Басында мамандар тапшы болды. Техниканың тілін білетіндер табылмады. Жанына серік еткен жігіттерді арнайы оқытып, Балпық би ауылындағы іскерлер цехын жасақтады. Бүгінде атаулы цех ауданды былай қойғанда, өңірдегі ірі өндіріс. Айына 10-нан астам тапсырыс орындайды. 

Айболат Махайдың сөзінше, қазір кәсіп етемін деген жанға мемлекет жан-жақты қолдау білдіріп келеді. Тек көзін табу қажет. Оның үстіне кәсіп бастарда нарықты зерттеуді назардан тыс қалдырмау керек.

 – «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман жоқ қазір. Еңбек әрі ақыл-ойдың жемісін көремін, кәсіптен несібе табамын дегендер үшін қолдау көп. Мемлекеттік бағдарламалар негізінде төмен пайызды несие алып, кәсіп бастауға болады. «Даму» қоры арқылы 7 жылға 14% несие алдым, оның 7%-ын өзім төлеймін, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Бұл едәуір қолдау болды, – деді кәсіп иесі. 

Қазір цехта 4 қондырғы бар. Ағашты кесетін, ағаш бетіне ою салатын, әрлейтін (арнайы пленка жабын жапсыратын) және кесілген тақтайшаның жанына арнайы жиекше жапсыратын қондырғылар. Олардың құны 2,5 және 8 млн. аралығында. Алғашқы қондырғы цехқа 2013 жылы әкелініпті. Араға жылдар салып, заманауи қондырғыларды алып отырған. Цех иесі сұранысқа сай жиһаз шығару үшін енді тағы 2 қондырғы сатып алуды жоспарлап жүргенін айтты.

– Компьютермен басқарылатын арнайы қытайлық машиналар сатып алудың арқасында қазір шеберханадағы қол еңбегі 50 пайызға азайды. Қазір тақтайлы жиһаздың барлық түрін, шығарамыз. Өндіріске арналған материалдар мен фурнитураны Алматы қаласынан сатып әкелеміз. Шыны керек, үйдің ішкі есіктерін де жасап жатырмыз. Қазір осы цехтан шыққан есіктер үйімде тұр. Сапасы Ресейден, Беларуссиядан келетін есіктерден кем емес, – дейді Айболат Махай. 

Қазір «Айболат» серіктестігінің өнімін тек Көксу ауданы емес, Талдықорған қаласының тұрғындары да тұтынуда. Өйткені талаптың тұлпарын мінген кәсіпкер заман талабына сай бизнесін дамытуды санадан шығармайды. 

Дастанбек САДЫҚ
Көксу ауданы