Жуырда Абай ауылындағы «Нүсіпов К. Я.» жеке шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, атқарған жұмысына тәнті болдық.
Шаруа қожалығының кіреберісінен керемет тіршіліктің іске асып жатқанына көзіміз жетті. 50 бас «Айршир» тұқымды сауылатын сиыр, 2 бас асыл тұқымды бұқа әзірше арнайы салынған ашық қораларда бағылуда. Алдағы уақытта 50 бас сиырға арналған сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын.
– Сүт фермасында сауынды сиырлар стандарт бойынша орналастырылып, сауыншылардың жұмыс орны санитарлық талапқа сәйкес жабдықталған, едені, қабырғасы кафельденген сауыншы тұрақтарына ыстық су, суық су тартылған, – дейді шаруа қожалығы басшысының ұлы Ермек Нүсіпов.
Сүт фермасының бір күндік өнімі 1 тонна деп жоспарлануда. Сол үшін шаруашылықтың тынысына жауапты Ермек пен Серік Нүсіповтер ферманы сүтті салқындатып ұстайтын вакуумдық жүйемен қамтамасыз етуді мақсат етуде. Бүгінге дейін іскер жігіттер 12 миллионға жем тасымалдайтын агрегат алып, ауқымды істің іргетасын қалап үлгерген.
Біз өз тарапымыздан ауданның экономикалық дамуына үлес қосуға ынталы азаматтардың ісіне ризашылық білдіріп, сәттілік тіледік.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы