Тірлігі тиянақты қожалық

Уақыты: 28.11.2023
Оқылды: 1109
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісу Алатауының баурайында жатқан саялы Сарқан ауданы негізінен кірісті ауылшаруашылығы өнімдерінен алады. Сондықтан да сапарымызды жергілікті шаруалармен кездесумен жалғастырып, «Әбілқасымов» шаруа қожалығының жай-күйімен таныстық.

Аталмыш шаруашылық Қарабөгет ауылдық округіне қарасты Қарабөгет елді мекенінде орналасқан. Өткен ғасырдың соңына таман іргетасы қаланғанқожалықты 74 жастағы Балтабек Әбілқасымов басқарып келеді. 

Аузында аталы сөзі, қолында шаруасы бар ақсақал кәсібін нәсібіне айналдырған жан. Ол қайта құру кезеңінің ел санасына тың серпіліс бергенін, сол тұста халық өз еңбегін бағалауды, пайда табуды, жер-ана топырағында түлеген егіннің  жайқалып өсуін, қайтсе мол өнім алатынын үйренгенін тілге тиек етті. Оған қоса ауылшаруашылығының қыр-сырын  таратып, қазіргі саяси үдерістерге дейінгі ауқымды мәселелерді әсерлі әңгімесіне арқау етті.

Шаруа баққан қарияның сөзіне қарасақ, әр кезеңнен алар адамдардың сабағы, өзіндік үлес-салмағы болады екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жекешелендіру саясаты жүріп, шаруа қожалықтары құрыла бастады. Осынау науқанда нәсібін кәсіптен табуды көздеген Балтабек Әбілқасымов  жеке шаруа қожалығын құрды. 

Әңгімені әріден қозғайтын, тарихын ту бастаудан тарқатқанды жақсы көретін Балтабек ақсақалдың шаруашылығында қазір қант қызылшасы, соя, жүгері және дәнді дақылдар өсіріледі. Шаруашылықтың 301 гектар суармалы жері мен 120 бас ірі қарасы және жылқысы бар. Алайда, мұндағы басты назар ауылшаруашылық өнімдеріне бағытталған.

Балтабек қарияның ізін жалғастырушы ұлы Нұрлан Әбілқасымовтың айтуынша, шаруа қожалығы 25-30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың айлық жалақысы орташа есеппен алғанда 250 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, еңбек нәтижелері бойынша сыйақылар мен зейнетақы аударымдары да бар. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан  1 гектар қант қызылшасынан орта есеппен 80 тоннадан өнім жинаған. Соның арқасында жаңадан жөнделген Ақсу қант зауытына 11 529 тонна қант қызылшасын жеткізген. Қазір тәтті түбірді тапсырғаннан кейін ақшасын бірден алады. Бұрын бұл қаражатты бірнеше ай күтуге тура келетін. Есептеу бірден жасалатыны біраз жұмысты жеңілдеткен. Осының нәтижесінде шаруа қожалығы заманауи жабдықтар мен жаңа ауылшаруашылық көліктерін сатып алыпты. Олар ауылшаруашылығы техникасының ірі жеткізушісі «Eurasia Group» компаниясымен серіктес екен. 

Шаруашылықта жалпы 20 «John Deere» доңғалақты трактор, 2 «CLAAS» комбайн және қызылша жинайтын «GRIMME», сепкіштер мен  басқа да техника бар. Биыл техника сатып алуға шамамен 400 млн. теңге жұмсалғанын да айтып өтті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Балтабек қария ауылдағы білім мен спорт саласына демеуші болып, жастарды жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындарына қыста көмір, жемшөп түсіріп, кейде азық-түлікке дейін әпереді. 

Алдағы уақытта егіс аумағын кеңейтіп, мал басын ұлғайтуды жоспарлап отырған шаруа иелері қант қызылшасының өнімділігін кемінде гектарына 100 тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Еңбекқор фермерлердің табысқа жететініне сенімдіміз. 

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ