Бейнеттің де зейнеті бар

Уақыты: 24.12.2023
Оқылды: 1702
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне әсер ететіні сөзсіз. Бұл ретте саялы Сарқан ауданы Жетісу облысындағы аграрлы аймақтың бірі. Бейнеттің де зейнеті бар. Сондықтан Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күні өңір үшін маңызды мереке. 

Аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңір еңбеккерлерінің жетістіктерін, ауылшаруашылық саласында атқарылған жұмыстарды сөзіне арқау етті. Бұл шараның негізгі мақсаты дала еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру, уақытпен санаспай еңбек етіп, өңірдің дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтарды ардақтау. 

Аталмыш жиында мал, егін шаруашылықтары бойынша өз қатарларынан озық шығып, дараланған үздіктер сала министрлігінің, облыс және аудан әкімінің Алғыс, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 

Сонымен қатар, ауылшаруашылығы, білім, спорт, құқық қорғау салаларына елеулі үлес қосқан бір топ  азаматқа   Сарқан ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. 

Осы салада бел жазбай еңбек етіп, өңірдің  дамуына үлес қосып,  145 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп, одан 11 500 тоннадан астам өнім алған қарабөгеттік «Абылқасымов» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Абылқасымов Жетісу облысы әкімінің І дәрежелі дипломымен, ауылшаруашылығын өркендетудегі үздік көрсеткіштері үшін облыс әкімінің бағалы сыйлығы – трактормен марапатталды. 

Ауылшаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі көп және тәтті түбірді өсіруде 1000 центнерден жоғары өнім алғаны үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық – трактор алмалылық Ерлан Бекишевке табыс етілді. 

Сондай-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Қарабөгет ауылдық округі әкімі Жабайхан Рабиғұловқа аудан әкімінің ауыспалы кубогы берілді. 

Шара соңы өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасымен  жалғасты.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы