ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙДЫ

Уақыты: 06.02.2024
Оқылды: 604
Бөлім: ОН САУСАҚ

Табиғаттың тылсым құбылысына шектеу жоқ. Сондықтан да шаруалар қыстың көзі қырауда әуелі малдың амандығын ойлайтыны анық. Биыл қыста қар қалың түсті демесек, алакөлдік шаруаларға жайлы болғанын жұрт айтып жүр. Оған өткен жылы мал қыстату науқанына дайындық жұмысының тыңғылықты жүргізілгені де сеп болған. 

Аудандағы шаруалар қыстан қиналмай шығу үшін былтыр 326,5 мың тонна жемшөп пен мал азығын дайындаған. Таратып айтар болсақ,  183,3 мың тонна шөп, 14,2 мың тонна пішендеме, 25,1 мың тонна сүрлем, 56,7 мың тонна сабан,  47,2 мың тонна жем төрт түлікті қыстан шығынсыз шығаруға толығымен жетеді. Бүгінгі таңда оның 89,2 мың тоннасы жұмсалған. Бұл дайындалған жемшөп, мал азығы қорының  23,6  пайызын құрайды. Әне-міне көктем келіп, жер  кеңитінін ескерсек, жиналған қор артығымен жетеді. 

Осындай өнімді еңбектің  нәтижесінде аудандағы төрт түліктің саны да артып келеді. Биылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша  ірі қара  73719 бас, қой мен ешкі 187979 бас, жылқы 33652 бас, түйе  643 басқа көбейген. 

Мал басы өскен сайын өндірілген мал өнімінің көлемі де көбейе түскені байқалады. Өткен жылы алакөлдік шаруалар 21,9 мың тонна ет, 46,5 мың тонна сүт өнімін нарыққа шығарды. Әрине, қазіргі таңда техниканың дәурені жүріп тұрған кезең болғандықтан қолдағы шаруаны ширатып, алдағы жоспарларға сенімді жету үшін шаруашылықтардың заманауи техникамен жабдықталуын да назардан шығармау керек. Бұл жағынан да көш бастап келе жатқан алакөлдік шаруалар былтыр 34 дана ауылшаруашылығы техникасын сатып алса, жыл басынан бері тағы да 5 техника алдырып алдағы науқандық жұмыстарға дайындалуда. Бұл да төрт түліктің қамы үшін жасалып жатқан тірлік. 

Қажет АНДАС
Алакөл ауданы