"Ауыл аманаты" бағдарламасымен цех ашты

Уақыты: 09.02.2024
Оқылды: 1630
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламаға қатысып, қаржылық тиімді ұсыныс арқылы өз шаруасын шалқытып, тіршілігін түгендеп үлгерген шаруалар қаншама?! Соның айқын көрінісідей болған біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өз ісінің маманы. Дәлірек айтқанда, Талдықорғанда тұратын жас кәсіпкер Берік Дүйсенбаев аталған бағдарлама аясында  8 млн.теңге қаражат алып, шағын жиһаз цехын ашты.

Шаһарға қарасты Өтенай ауылында тұратын бұл азамат өткен жылдың қараша айында өтінім беріп, өз жобасын қорғау арқылы жаңа жұмыс бастаған. Бүгінде ол аталған бағдарламамен кәсібінің нәсібін көріп отыр.

Сондай қандай қадамдар жасады дейсіз ғой. Кәсіпкер тиімді жолмен алған  қаражатына Ресей және Қытай елдерінен  арнайы құрал-жабық және жиһаз шығаруға  керекті материалдар мен заманауи қондырғылар, италиялық бояулар сатып алған.

Бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отырған  кәсіпкер үстел, орындық, жұмсақ жиһаз бен темірден үйге қажетті бұйымдар жасап төмен бағада сатылымға шығарып, үзіліссіз тапсырыс қабылдауда.

 – «Ауыл аманаты»  бағдарламасын кәсіпкерлікке жол ашататын жоба деуге болады. Бұл біз сияқты кәсібін енді бастап жатқандар үшін үлкен қолдау. Сөзімнің дәлелі де, мен осы бағдарлама арқылы алған  қаражатыма көптен бері өзім армандап жүрген шағын жиһаз цехын аштым. Арманыма қол жеткіздім десем де артық айтқаным емес. Енді кәсіпорнымызда жұрттың көңіліндегідей бұйымдар шығарылып, сапасына кепілдік беріледі. Сол себепті қазір тапсырыс берушілердің де қарасы аз емес. Келешекте цех жұмысын кеңейтіп, тағы да жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарымда бар», - дейді Берік Дүйсенбаев.

Мамандардың айтуынша, қазір Жетісу облысының орталығында  Берік секілді «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған 19 азамат бар. Олардың әрбірі  өз жобасын  ұсыну  арқылы қолдау қаражатына ие болып  жеке кәсіп бастауда.

Осы ретте біз нәтижелі бағдарлама жайлы ресми мәліметті де назарларыңызға ұсына кетпекпіз. Біле жүріңіз.

"Ауыл Аманаты" жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:
1) Өңдеу саласына қатысты жобалар;
2) Өсімдік шаруашылығын дамыту;
3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;
4) мал шаруашылығын дамыту;
5) басқа бағыттағы бизнес жобалар;
 

Несиенің негізгі шарттары:
1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;
2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы - ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 млн теңге) дейін;
3) сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды;
 

Несие талаптары:
1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;
2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;
3) Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;
4) кепілмен қамтамасыз ету;
5) зейнет жасына жетпеген;
6) Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет

 

Айдын КӘЛІМХАН