Тігін цехын ашты

Уақыты: 19.02.2024
Оқылды: 1471
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен кәсібін ашып, нәсіп тауып жүрген азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейіп келеді. Панфилов ауданының Айдарлы ауылдық округінің 8 тұрғыны аталған бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсіп бастады.

Айталық, Сарыбел ауылының тұрғыны Минура Қасымжанқызы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 6500000 теңге жеңілдетілген несие алып, тұрып жатқан үйінен тігін цехын ашып, көрпе, жастық, төсенгіштер тігіп сата бастады. Ол бұдан бұрын да ауылдастарынан тапсырыстар алып, ұзатылатын қыз жасауын дайындайтын. Алайда бір жүйеге түспеген кәсіптен түсетін нәсіп те көп болмайтын.

Он саусағынан өнер тамған келіншек қолына тиген қаражатына автоматтандырылған заманауй «Giu jing» тігін аппаратын сатып алып, қарқынды жұмыс істеуде. Ауыл тұрғындарынан тігін ісіне икемі бар 3 адамды жұмыспен қамтып, өндіріс көлемін арттыра түсті.

Шебер өз қолынан шыққан өнімдерін ауылдастарына тапсырыспен тіксе, қалалардағы сауда орындарына өткізуді жоспарлап отыр. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, кәсіпкер келіншек ауылдастарына осылай үлгі көрсетіп жүр.

М. Манапұлы
Панфилов ауданы