Табысын тоқ ораудан тапты

Уақыты: 20.02.2024
Оқылды: 1351
Бөлім: ОН САУСАҚ

Ерінбе, еңбектен зая кетпес ізгі ісің. Бұлқынысы бөлек бұл заманда бұғып жата бергенге астау-астау ас қайда, тастан түйілген тәж қайда? Тағдырыңа жазылған ризықты да тыраштанып жүріп таппасаң, таңдайың тақылдауын тоқтатпайды ма екен. Мыс сымдарын дөңгелетуін тоқтатпаған Семичев әулеті нәпақасын тоқ ораудан тауып отыр.

Юрий Семичев Жамбыл облысының тумасы. Мектепті де сол өңірде тамамдап, кейіннен қонысын Текелі қаласына аударған. Моношаһарға келген бетінде қысқамерзімді курсқа қатысып, электрик мамандығын игереді. Көпшілікке белгілі тау-кен өңдеу кешеніне жұмысқа орналасқан жас жігіт сондағы цехта электр қозғалтқыштардың сымын ораушы болып қызметке тұрып, бар ынтасымен сол саланың қыр-сырын жете үйренеді. Арада уақыт өтіп аталған кешеннің жұмысы тұралап, түбегейлі жабылып қалады. Амал нешік, екі аяқты пендеге тіршілік керек, ол кәсіпорында меңгерген ісін әрмен қарай жалғап, тұрмыстық жағдайда қолданылатын шағын электр жабдықтардың бұзылғанын жөндеп, мыс сымдарын қайта орап, көрші-қолаңға көмегін тигізіп жүреді.

Талапшыл азамат аталған бағыттағы кәсібін әрмен қарай дөңгеленту үшін «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына» қатысып, нәтижесінде 5 миллион теңге грант ұтып алады. Ол қаражатқа қажетті құжаттарды реттеп, контейнер, жүк көтергіш механизм – тельфер, эмальді сымдар, мойынтіректер, оқшаулау материалдарын сатып алған  Юрий Семичев былай дейді: 

– Арнайы жарнама жасамай-ақ бұл қызметті тұтынушылар өте көп. Текеліден өзге  Талдықорған, Үштөбе қалаларынан да келіп, қызметімізге жүгінетіндер бар. Электр сорғы, бұрғы, ұнтақтағыш секілді құрал-жабдықтардың бәрі электр қозғалтқыштың күшімен жұмыс істейді, ал өндіріс саласында электр қозғалтқыштың істен шығуы барлық жұмысқа қолбайлау болатыны анық. Жасаған бизнес-жоспарым өз нәтижесін беруде.

Мемлекет қолдауына ие болған Юрийдің қарамағында қазіргі уақытта 3 адам жұмыс істеп отыр. Оның бірі жақын туысы Алексей Семичев. Ол Томск политехникалық университетінің түлегі, сол жақта электротехникалық зауытта өндірістік тәжірибеден өткен. Қазіргі уақытта кәнігі тіс қаққан маман. Өзге елде тәжірибе жинаған соң туған мекенге оралған Алексей «РСК» ЖШС-де энергетик болып та жұмыс істеп көрген. Енді, міне, жиған-терген бар тәжірибесін жеке кәсіпте сынап жүр.

– Мұнда бәрі қолмен істеледі, өте күрделі схема. Сым орау деген былай қарағанда оңай болып көрінгенмен мыс сымдардың жігін білдірмей тегіс орау, орам санынан жаңылмай есептеп тұру асқан ұқыптылықты, ерінбей еңбектенуді қажет етеді. Бұл да ғылымның бір саласы ғой. Осы салаға арналған анықтамалық кітапты да жиі ақтаруға тура келеді. Оралған мыс сымдар орнатылып, оқшауланып, қалпына келтірілген электр қозғалтқыштың дұрыс жұмыс істеп тұрғанын әбден тексеріп барып иесіне ұсынамыз, – деді ол.

Семичевтер келешекте қызмет ауқымын кеңейтіп, автоматты орау станогын, қуаттылығы жоғары тельфер алып, жұмысты жетілдіре түсуді көздейді. Алға мақсат қойып, соған жету жолында еңбектенуде.

Мысын орап, электр жабдықтардың ақауын табу да оңай іс емес. Оған да қарым-қабілет, түгесілмес төзім керек. Сұранысқа ие ерекше кәсіптің қыр-сырын білуді қолы икемді кез келген жанның үйренгісі келетіні сөсіз. Бұл да өнер, өнерге әркімнің де бар таласы.

Медет ЖҰМАБАЙ
Текелі қаласы