Жетісулық зергер көне кәсіпті жаңғыртып отыр

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 1318
Бөлім: ОН САУСАҚ

Жетісулық зергер жеке кәсіпкерлерді қолдауға берілетін гранттың арқасында шеберханасының материалдық базасын нығайтып, ісін дөңгелентіп отыр. Бүгінде ол көне жартастардағы таңбалар мен суреттерді, қазақ оюларды  өзінің этно стильде жасаған әшекей бұйымдарында жаңаша жаңғыртуда.

Панфилов ауданының Көктал ауылында тұратын жеке кәсіпкер Әсем Ақынованың зергерлік бұйымдар жасауға деген ынтасы студент кезінен байқалған. Әсемнің айтуынша, ол алғашында Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің тоқыма бұйымдар мамандығына оқуға түскен. Кейін ұстазы шәкіртінің зергерлік бұйымдар жасауға деген ықыласын байқап, оның сол мамандыққа ауысуына ақыл беріп, жәрдем етеді. Сөйтіп Әсем 3-ші курста «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығына ауысып, осы кәсіпті меңгеріп шығады.

Әсем студент кезін ерекше сағынышпен еске алады. Бірде Алматыдағы Оқушылар сарайында көрме өтетін болып, соған ұстаздарының айтуымен өзінің жасаған әшекей бұйымдарын алып барған. Сол көрмеде өз қолымен жасаған сырғасы ең алғаш рет сатылғаны әлі есінде. Бұл алғашқы қадам кейін үлкен көрмелерге жол ашты десе де болады. Тәжірибесі толысып, жеке шеберханасын ашқан Әсем «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің аясында атақты зергер Берік Әлібайдың жанында қолөнершінің тіккен киіз үйінің ішіне өз жұмыстарын қойып, қазақтың қолөнер туындыларын туристерге паш етті. Ал қазір Интернеттің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, «Инстаграмдағы» @ethno_modern_jeweler парақшасы арқылы өз өнімдерін көпшілікке ұсынып келеді.

Қазір Көктал ауылындағы үйінің жанында зергердің шағын шеберханасы бар. 2022 жылы мемлекеттен 5 млн теңге грант алып, зергерлік бұйымдар жасауға қажетті құрал-жабдықтар, атап айтқанда ойма жасаушы лазерь, пневматикалық гравер машинкасы, микросоп сияқты қажеттіліктер сатып алған. Мәселен, микроскоп Қытайдан әкелінсе, пневмогравер машинасын Америкадан тапсырыс беріп алдырыпты. Бүгінде этно стилінде өзінің жеке қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Әсем жасқа толмаған кішкентай сәбиінің тәрбиесімен бірге жолдасының қолдауымен кәсібін де тоқтатпай жүргізіп келеді. Қазір бір адамды осы зергерлік ісіне көмекшілікке баулып, жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкерден жұмыс процесін қысқаша баяндап беруді сұрағанымызда ол: «Ең алдымен жұмыс эскиз сызудан басталады. Мұнан соң сызбаны пысықтап, қолдың, білектің өлшемдерін аламын. Күмісті құйып, ерітіп, балқытып, сосын жаншитын аппаратта жалпақтап даярлаймын, тиісті оюларын қолмен оямын. Соғып, түзеп, пайкілеп, кейін жазу қажет болса, оны лазерьмен жазамын. Соңғы жағында ағарту процесі жүреді. Жылтыратып, ультрадыбыс аппаратымен жуып, тасын орнатуға кірісемін. Жалпы менен кемпірауыз, қышқаш, егеу сияқты ер адамдар ұстайтын құралдармен жұмыс істеген қиын емес пе деп сұрап жатады. Зергерлік жұмыс шындығында қара күшті соншалықты қажет етпейді. Мұнда тек ептілік, төзімділік маңызды. Және жұмыстың қиындығы бұйымның көлеміне байланысты емес. Қайта мұндағы ең қиыны – бар зейініңді салып, ең ұсақ тастарды дәл өз орнына қою. Мен ұсақ тастарды қою әдісін жуырда Алматыдан арнайы оқып үйреніп келдім. Енді соны тәжірибемде қолдануға машықтанып жатырмын», - дейді Әсем.

Әшекей жасауға кәсіби түрде кіріскен осы алты жылдың ішінде Әсемнің қолынан ұлттық нақышта өрнектеп жасалған сақина, сырға, алқа сынды жүздеген бұйым жасалып шықты. Ол негізінен күміс әшекейлерге сұраныс көп екенін айтады. Әсіресе, ер адамдардың күміс сақинасын жасауға жиі тапсырыс беріледі екен. Зергер жеңіл сақиналарға 1-2 күн, күрделі болса 4-5 күн, ал білезікке шамамен 1 апта уақыт жұмсайды. Қазір ол әшекей бұйымдарды жөндеумен де айналысады.

«Үлкендердің айтуына қарағанда нағашыларым жағында ертеректе арғы аталарымның бірі ұсталықты ұстаған екен. Темірден түйін түйіп, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, қажеттіліктер жасапты. «Осы қолөнерлік қасиет кейін қыздан бір ұрпағыма беріледі» деген екен. Нағашы әжем үнемі «Зергерлікті тастама, бұл сенің өмірлік жолың», - деп айтып отырады», - дейді жас кәсіпкер.

Ең бір есте қалған ерекше тапсырысы – бірде атыраулық азамат анасына арнап өзгеше білезік жасатқан. Оған жартастардағы күн басты адамның, садақ тартқан аңшының, сол сияқты тастағы басқа да таңбалар мен суреттерді салғызған, сөйтіп бұл ерекше этно үлгідегі білезік болып шыққан. Білезікке әулеттің анасының атын, одан әрі келінінің атын жаздырып, ары қарай да келіндердің атын жазып жалғастыратындай орын қалдыртыпты. Тапсырыс берушінің мұндағы басты ниеті білезікті әулеттің келіндері бірінен біріне беріп отыратын айтулы жәдігерге айналдыру екенін бірден ұғуға болады.

«Мұнда әулетіміз өсіп-өнсін, келіндер енесінің жолын жалғасын, отбасының берекесі болсын, ұрпақ сабақтастығына мән берсін деген жақсы пейіл бар. Сондықтан әшекейді жәй сәндік деп қана емес, ұлттық құндылық ретінде қарайтын парасатты адамдардың болғанына қуанамын», - дейді Әсем Ақынова.

Шығармашылық иесінің өмірінде танымал адамдармен байланысты да ерекше оқиғалар болыпты. Мәселен, Қытайда өткен атақты «I am a singer» тележобасынан соң әлемдік ән өнерінің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің фанаттарының бірі, қытайлық қыз қазақстандық таныстары арқылы Димаштың аты жазылған кулонға тапсырыс беріпті. Тапсырыс берушінің айтуынша, бұған дейін Димаштың өзінде музыкалық кілт бейнеленіп, әншінің өз аты-жөні жазылған мойынтұмар болғанға ұқсайды. Қытайлық қыз үлгі ретінде кулонның суретін жіберіп, «Дәл осындай менде де болса деймін», - деп тапсырыс беріпті. Әншінің фанаты өз кумирінің есімін бойтұмар етіп тағып жүргенді қаласа керек.

Сөйтіп Әсем Ақынованың жасаған әшекей бұйымдары еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, Қытайға, Ресейге, тіпті Тайландқа да жөнелтілген. Алдағы уақытта Әсемнің өз логотипін дайындап, брендін қалыптастырсам деген де ойы бар.

- Қазір қазақ қолөнері жақсы дамып, зергерлікпен айналысатындардың қатары артып келеді. Саннан сапа шығады, бәсекелестік орта да кәсіп адамын шыңдайды. Сондықтан халқымыздың төл өнерінің дамығанына өз басым қуанамын. Ұлттық нақыштағы әшекейлері жаңа заманмен үйлестіре түрлендіріп отыру керек. Сонда оны жастар да қызығушылықпен тағады. Ата кәсіпті жалғастырып, ұрпаққа жеткізуді парыз санаймын, - дейді зергер.

Сағыныш Намазшамова
Фото: Панфилов ауданының әкімдігі