Жұлдызың жарқырасын, Жұлдыз!

Уақыты: 24.03.2024
Оқылды: 1685
Бөлім: ОН САУСАҚ

Соңғы уақытта ұлттық киімді сатып алу ерекше трендке айналуда дейді тігіншілер. Олардың айтуынша, ұлттық киім киіп әшекейлерді күнделікті өмірде тағып жүретіндер көбейген.

Жұлдыз Абдрахманова Талдықорған қаласынан «Zhuldyz Abdrakhmanova»  сән үйін ашып, бүгінде өз кәсібін жүргізуде. Сәнгер тапсырыспен киім тігіп, этно стильдегі ұлттық киімдерді жалға береді.

 — Бала кезімнен дизайнер болу арманым еді. Оның үстіне ою-өрнек, текемет, сырмақ деген нәрселерді көргенде жүрегім ерекше соғатын. Алайда әкемнің жол сілтеуімен заңгер мамандығына оқыдым. Дегенмен адам шын ниеттенсе арманның орындалары анық, – дейді жас сәнгер. 2022 жылға дейін түрлі курсты тамамдап, білікті мамандардан тәжірибе жинаған Жұлдыз алғашында жақындарына киім тігіп бастаған. Уақыт өте келе, өз сән үйін ашып, өңірдегі түрлі дизайнер, тігіншілермен бірлесіп жұмыс істеуде.  

Жалпы бүгінде ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық та, сұраныс та жоғары. Бұл жақсы көрсеткіш. Себебі, сұраныс көп болған жағдайда жаңашылдыққа талпыныс та жоғары болмақ. Дегенмен, Талдықорғанда этно стильге деген қызығушылық батыс өңіріміздегідей қарқынды емес. Сондықтан ұлттық киімге деген халықтың сүйіспеншілігі Наурызда ғана оянбай,  былайғы өмірде де үрдіске айналса жақсы болар еді,­­ дейді Жұлдыз Абдрахманова.

Әркімнің өнерге деген махаббатын жасаған дүниесінен байқауға болады. Себебі, ол ішкі сезіммен, шынайы жүректен шыққан нәрсе. Ал Жұлдыздың туындылары үлкен талғаммен, өнерге деген шексіз махаббатпен дайындалғаны сөзінен де, ісінен де білініп тұрды.

Отан­дық өндірісті қолдай отырып, жастардың бойы­на патриоттық сезімді ұялатсам деген мақсат бар. Қазірдің өзінде біз заманға сай киім үлгілерін тігумен айналысамыз. Туындының әр бөлігіне айрықша мән бере отырып, барынша түрлі стильді қамтуға тырысамыз. Оның үстіне халыққа эко­логия­л­ық таза матадан тігілген киім киюге жол ашу керек. Шетелге өзі­міз­дің ұлттық эле­менттері бар сапалы киім­дері­міз­ді ұсына отырып, отандық өнімдері­міз­ді экспорт­қа шығаруға барлық күш-қуаты­мызды салсақ жақсы болар еді.

Елімізде отандық өнімнің, соның ішінде ұлттық нақыштағы киімнің бағасы шарықтап тұр. Ең сапалы деген кәжекей мен шапанның өзі кемінде 100 мыңның көлемінде сатылады. Оюмен өрнектеліп, кестемен пішілген киімдердің шетел асып Қытай, Қырғызстаннан келетінін де жасырмаймыз. Әрине, олардың бағасы қолжетімді болғанмен сапасының төмендігін де сөзге тиек еткен жөн.

– Бағаның өзі түрлі себептерге қарай қойылады. Мәселен, мен бір ғана матамен жұмыс істей алмаймын. Сол себепті түрлі матаны қолданғанды жөн санаймын. Соның ішінде мақта матасы, жібек, зығыр, панбархат маталарымен жұмыс істеу ыңғайлы. Әрине әр тігінші сапалы мата іздейді. Ал сапалы дүниенің бағасы қашанда жоғары. Оның үстіне біз кейбір шикізатты, қарапайым ине мен жіптің өзін тапсырыспен шетелден  алдырамыз. Кәсіппен айналысып отырғандықтан әр нәрсе өзін-өзі ақтап шықса дейміз. Сондай-ақ, бағзы заманда ата-бабамыз арзан матаға ешқашан ою салмағанын ескерген абзал. Оның үстіне әр киім өз статусын жоғалтпауы керек. Арзан жасаймыз деп оның қасиетін, қадірін жоғалтып алсақ, жоғардағы экспортқа жетуіміз арман болады емес пе?! деп сәнгер отандық өнім бағасының қымбат болуының өз себептерін  түсіндірді.

Аталмыш сән үйіндегі қыздардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киім көздің жауын алады. Жұлдыз жас та болса түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Сән әлеміне енді ғана қадам басқан сәнгердің киімдеріне түрлі бағдарлама мен танымал стилистердің көзі түскенінен-ақ еңбегінің бекер болмағанын айтады. 

Өнер мен кәсіп үлкен қажырлы еңбекті талап етеді. Оның үстіне шығармашылық дүние болғандықтан кейде шабыт та шарықтай салмайды. Дегенмен сүйікті ісіңмен айналысқаннан артық бақыт жоқ. Осы салада өз атымды, брендімді қалыптастыруға себеп болған отбасыма, жаныма жақын жандарға алғысымды білдіремін, дейді.

Жаһандану уақытында ұлттық дәстүрдің бір пұшпағын өткеннің еншісінде қалдырмай, заманауи кейіпте жаңғыртып жүрген аруымызға бай-қуатты болыңыз деп тілек білдірдік.

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген  Руслан ҚАДЫРОВ