МҰХИТ АСҚАН КӘСІПКЕРЛЕР: АҚШ-ТА ОТАНДАСТАР ФОРУМЫ ӨТКІЗІЛДІ

Уақыты: 22.09.2019
Оқылды: 1182
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сан-Франциско қаласында АҚШ-та тұратын отандастармен бизнес-форум өтті. Шараны «Отандастар» қоры мен АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігінің Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы ұйымдастырды.

Жиында америкалық нарық бизнесінің бағыты, атап айтқанда, инновациялық технологиялар және ІТ стартаптарымен байланысты жобалардың үлкен шоғыры есепке алынып, негізгі басымдық ІТ саласына берілді. Форумға «Smart Advisory» ЖШС басқарушы серіктесі, «QazAngels» венчурлық қор директоры Руслан Рақымбай, «ABC-I2BF Seed Fund» инновациялық стартаптарды жетілдіру бойынша венчурлық қор басшысы Әнуар Сейфуллин, «Happycake Global» компаниясының негізін қалаушы және директоры Асхат Солтанов пен аталған қаладағы отандастар қатысты.

«Отандастар» қоры президентінің кеңесшісі Дидар Болат шара барысында форумға қатысушыларды Қор қызметінің негізгі бағыттарымен, сондай-ақ, мекеменің негізгі жобаларының бірі – қазақ мәдени іскерлік үйінің құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтардың әлем бойынша желісін құру жөніндегі жоспармен таныстырды. Өзара іс-қимылдың, бизнес-бастамаларды ынталандыру мен стартаптарды қолдау тетіктерін жан-жақты талқылаған қатысушылар өз ойларын да ортаға салды.

Қазақстанда туып-өсіп, кейін шетел асқан Георгий Копытов Чехияда «Елім-ай» қазақ-чех орталығын ашқан. Ендігі ойы – дәл сондай орталық негізін Америкада қалау. Ал Андрей Кунов атты отандасымыздың «Silicon Valley Innovatijn Center» компаниясы дәнекерлікпен, яғни, іскер адамдардың немесе компаниялардың қажеттерін тауып берумен, оларды бір-бірімен таныстыру, табыстырумен айналысады. Шамамен айналымында бір миллиардтан астам АҚШ доллары бар венчурлық қор басшысы Анна Фокина болса, агросектор мен биотехнология саласын дамытумен шұғылданады.

«Silk rood» қазақ орталығының басшысы, бұған дейін Стенфорд университетінде дәріс оқыған Алма Құнанбаева негізінен орталыққа келген қонақтарды қазақтардың тұрмыс салт-дәстүрімен таныстырады. Мәдени шаралар өткізеді. Жалпы америкалық отандастардың әрқайсының нақты айналысатын ісі болғандықтан олардан еш ұсыныс болған жоқ. Десе де, олар Қазақстан жақтан қандай жоба болса да қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Форум соңында Дидар Болат АҚШ-та тұратын отандастарды Қордың қазақ үйінің іскерлік үйі мен мәдени орталығы өкілдерін анықтауына белсенді қатысуға, сондай-ақ, кездесуге қатысушыларды ағымдағы жылдың қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін отандастардың бірінші форумына шақырды.

АҚШ-тағы бұл басқосу маусым және шілде айында Мюнхен мен Стамбұл қаласында өткен жиыннан кейінгі үшінші бизнес-форум. Әр елде тұратын отандастармен осындай 8 кездесу (Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Түркия және Ресей) жоспарланған.

Әзімхан АУСАТОВ

Алматы қаласы

Сурет ғаламтордан алынды