"АҚША БЕРГЕНШЕ ТҰРАМЫЗ!" АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Уақыты: 28.04.2021
Оқылды: 1250
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда төрт айдан бері жалақысын алмаған автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды. Салдарынан бірнеше бағыт бойынша қоғамдық көлік жүрмей, тұрғындар жаяу қалды. Бұл ақпаратқа қатысты Талдықорған қаласының әкімдігі түсініктеме берді.

«Күнде ертең, күнде ертеңмен жігіттердің бәрі шаршады. Көбі пәтер жалдап тұрады. Кредит бар. Ипотека деген әңгіме. Бұлар күнде ертеңмен елдің бәрін шаршатып бітірді. Бүгін шықпаған себебіміз сол. Сонымен ақша бергенше шықпаймыз, тұрамыз», - деді автобус жүргізушісі Нұрдәулет Түндебаев.

Автопарк басшылығы жолаушылар тасымалы шығыны көп сала дегенді алға тартып, жалақының кешеуілдеуіне пандемия себеп болғанын айтады. Қала бюджетіне алақан жайған кәсіпорын карантинде оқушы тасымалдауға бөлінетін субсидиядан қағылған көрінеді.

«Жолаушылар тасымалының шығыны көп. Шығын көп болғаннан кейін әкімдікке төлемімізді береміз. Сол төлемге қарап субсидия жасайды. Субсидия жасағаннан кейін айлық бере аламыз, салық төлей аламыз, құрал-сайман ала аламыз. Бәрін жасай аламыз», - деді серіктестік директоры Болат Тілеубаев.

Алайда жергілікті атқарушы билік бұл серіктестік алдында берешегі жоқ екенін алға тартқан. Тіпті, көпбалалы аналар тасымалына бөлінетін қаржының екі тоқсандық көлемін де төлеп қойған. Ал жүргізушілерге жалақы берілмеуінің нақты себептерін құзырлы органдар тексеріп, анықтау үстінде. Осы жайтқа байланысты Талдықорған қаласы әкімдігінің өкілі Нұр Қанатұлы жалақы мәселесі бүгінгі таңда шешілгенін айтып, жағдайды түсіндірді.

- "Жан-Ел" және "Ақ-Нар А" серіктестіктерінің барлық автобустары кеше түстен кейін жұмысқа қайта шықты. Барлық жүргізушілерге жалақылары төленді. Бұл екі компанияның қаржылық мәселелері жуық арада толығымен шешіледі деп үміттенеміз. Бұл мәселені алдағы уақытта бақылауда ұстаймыз, - деді әкімдік өкілі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"