САРҚАНДА МАС КҮЙІНДЕ ЕКІНШІ РЕТ КӨЛІК БАСҚАРҒАН ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 30.04.2021
Оқылды: 1174
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сарқанда масаң күйде екінші рет көлік жүргізген жүргізуші қолға түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Масаң күйде көлік жүргізіп, құжатынан айырылса да рөлге қайта отыратындар әлі де кездеседі. Сондай қылмыстық фактінің бірі Сарқан қаласында тіркелді.

Сарқан ауданының полициясы өз қызметтік міндеттерін атқару кезінде, сағат 20.37 шамасында «Фольсваген Пассат» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында тәртіп сақшысы 45 жастағы жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екенінен сезіктеніп, оны медициналық куәландыруға жеткізген. Оның  қорытындысы жүргізушінің орта дәрежелі масаң күйде екенін көрсетті. Сонымен қатар, полицейлер тексеру барысында аталған жүргізушінің наурыз айында көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығын анықтады.

Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен, яғни, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Автокөлік айып алаңына қойылды.

Өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларды болдырмау мақсатында Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері жолдағы жауапкершілікті күшейтуге шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"