КОНСТИТУЦИЯҒА ЖАҢА ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ - ТАРИХШЫ ҒАЛЫМ

Уақыты: 02.05.2022
Оқылды: 1088
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Біз Президентіміздің бұл ұсынысын қолдаймыз.

Басында Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді Парламент қарайды деген болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында ел тарихын жазуға әркім өз үлесін қоса алатындығы айтылды.

Сөздің шыны керек, бұрын халық ішінде: «Біз барсақ та, бармасақ та ештеңе өзгермейді», – деп айтатындар көп еді. Сайлауға сенбей, кейбір заңдардың қабылданғанына келіспей, эмоцияға толы пікір білдіріп жататындар да табылатын. Алдағы жиынға халық жауапкершілікпен қарайтыны анық.

Ата заңымызға жаңа заман талабына сай өзгеріс қажет екені рас. Сондықтан, елімізді өркендету үшін өтетін референдум біз үшін өте маңызды. Президенттің осындай күрделі мәселеде соңғы сөзді халықтың өзіне қалдыруы елдегі үлкен өзгерістердің бастауы деп білемін. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Сонымен қатар, көптеген көкейкесті басқа да мәселелер өз ретімен шешімін табатынына сеніміміз мол.

Амангелді ТӨЛЕМІСОВ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің гуманитарлық факультет деканы, тарих ғылымдарының кандидаты