ҚАПШАҒАЙДА БАЛЫҚ ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР. МИНИСТРЛІКТІҢ РЕСМИ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1000
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлеуметтік желілерде Қапшағай су қоймасында балықтың қырылуы туралы бейнематериалдар тарады. Осы дерекке қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді.

Балықтың қырылуына әкеп соқтырған мән-жайларды анықтау мақсатында Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жануарлардың қаупін және қырылуын анықтап, уәкiлеттi органдарға дереу хабарлады.

- Атап айтқанда, оқиға орнына инспекция қызметкерлерімен бірге, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рауан Рақымбеков, сондай-ақ, әкімдікке қарасты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері, мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының өкілдері келді. Басқа да жауапты мекемелердің мамандары жұмыстың басы-қасында болды. Нәтижесінде «Айна Су» ЖШС-ға бекітілген таулы аймақтағы Қапшағай су қоймасы балық шаруашылығы учаскесінің №11 жағалау сызығында балықтардың қырылғаны белгілі болды. Олардың жалпы салмағы шамамен 350-400 кг болады, - делінген министрлік хабарламасында.

Оқиғаның себебін анықтау үшін Қонаев қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Алматы облысы бойынша экология департаменті, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және «Қазгидромет» РМК мамандары су сынамаларын, сондай-ақ, жас балықтардың үлгілерін алды.

«Қазіргі уақытта «Айна Су» ЖШС аң аулау қызметі өлі балық шабақтарын одан әрі кәдеге жарату үшін жинап жатыр. Су және жас балықтарды зерттеу нәтижелері бойынша қосымша мәліметтер ұсынылатын болады», - деп жазды министрліктен.

Қонаев қаласының полиция бөлімі балықтардың қырылу фактісі бойынша іс тіркеді.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"