БАҚБАҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ САЯСИ НАУҚАНҒА ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ҚАТЫСУДА

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 1172
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылы тұрғындарының саяси науқанға ұйымшылдықпен қатысуда. Қазіргі кезде сайлау учаскесіне тіркелген 2651 адамның 70 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерді.

Ауылда дауыс беруге келген сайлаушының ең үлкені 85 жастағы Нарынбек Имадилдаев өз таңдауын жасап, ел болашағының зор болатынына үміт артты. Бақбақты ауылдық округінің әкімі Айдархан Түймебаевтың сөзінше, сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ауыл тұрғындары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, науқанға жақсы көңіл-күймен келіп, мемлекет болашағы үшін шешім қабылдауда.

Бақбақты ауылының тұрғыны Болатбай Момынқұлов: «№98 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Мемлекетіміздің өсіп, өркендеуіне жаңа сайланатын Президентіміз өзінің зор үлесін қосады деп сенім білдіремін. Бүгінгі сайлауға анам, жолдасым, отбасымның бәрі келіп, дауыс берді. Мұндай саяси науқандарды қалт жібермей, қатысамын. Болашақта еліміз одан әрі гүлденіп, дамыса деген тілегім бар», – деді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Бақбақты ауылы,

Балқаш ауданы

Алматы облысы