Қазақстанда 700-ден аса тәжік азаматы жауапқа тартылды

Уақыты: 28.03.2024
Оқылды: 314
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Сенат қабырғасында өткен брифингте Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха елімізде қанша өзбекстандық мигрант бар екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл басынан бері елге 1 млн 73 мың өзбекстандық кіріп, оның 982 мыңы қайта шыққан.

“Былтыр 5 млн 396 мың Өзбекстан азаматы Қазақстанға кіріп, 5 млн 373 мыңы шыққан. 411 мың азамат уақытша есепке алынды. Оның 376 мыңы жұмыс барысымен келген. Негізінен көп бөлігі транзитке тиесілі, яғни біздің ел арқылы көрші елдерге өтеді”, – деді вице-министр. 

Лепеханың сөзінше, өзбекстандықтар Қазақстанға негізінен құрылыс, тағы басқа біліктілігі төмен жұмыстар істеу үшін келеді. 

Сондай-ақ, журналистер вице-министрден елімізде қанша тәжік азаматы бар екенін сұрады.

“Жыл басынан бері 218 500 Тәжікстан азаматы келген. Кеткендер саны – 213 726.  Қазір 37 060 азамат көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған, 710 тәжікстандықты жауапқа тартып, 195 адамды елден шығарып жібердік”, – деп атап өтті ведомство өкілі. 

Сонымен қатар Ішкі істер министрінің орынбасары миграция бойынша топ-5 елді айтып берді. Олар: Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, ҚХР. 

Биыл көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 9800 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 1000 адам елден қуылды. Көші-қон заңнамасын бұзғандардың көп бөлігі –  Өзбекстан азаматтары. Одан кейінгі орындарда Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстан тұр. 

Фото: gov.kz