"БІР АПТА УАҚЫТ БЕРЕМІН": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 09.05.2021
Оқылды: 2298
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ республикалық маңыздағы Сарыөзек-Көктал жолының жағдайы туралы шұғыл жиын өткізді. Жауапты адамдарға жолдың кем-кетігін түзеу үшін бір апта уақыт берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Еске салсақ, Сарыөзек кентіне жақын жерден цемент зауыты ашылғаннан кейін салмағы ауыр көліктер күн сайын Сарыөзек-Көктал жолының 68 км учаскесін жүріп өтеді, бұл тек бір бағыты ғана. Күнделікті шамамен 10-нан астам самосвал ары-бері жүріп өтеді. Карьер қызметкерлерінің айтуынша, жүк тасымалдаушылар күніне үш рейс жасайды. Жергілікті тұрғындар да, Кербұлақ ауданының басшылығы да жолдың бұзылуына жүк көліктері себепші болғандығын айтады.

- Мен Қоғалы ауылында тұрамын. Осы жолмен жиі қатынаймын. Ары-бері жүріп өткен сайын шаршаймын. Көлігімнің "ходовкасын" 2-3 ай сайын ауыстырып тұруға тура келеді. Асфальттің осындай күйге түсуіне цемент зауытының жүк көліктері кінәлі. Олар тиеліп алып күнде жүреді осы жерлерден. Асфальтты әбден отырғызып тастады, - дейді жергілікті автокөлік иелерінің бірі.

Мамандар да осындай пікірде. Олар жоба бойынша бұл учаске шамамен 8 тоннадан аспайтын жүктемесі бар көліктерге арналғанын айтады. Алайда бұл жерлермен күнделікті салмағы 50 тонналық көліктер тиеліп өтеді. Бұл жолдың тез бұзылуына әкеп соқтырады. 

Қалыптасқан жағдайға облыс әкімі Амандық Баталов өз ойын білдірді. Өңір басшысы жедел жиын өткізіп, зауыт басшылығының жауап беруін талап етті. Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарауға жол бермейтінін, сондықтан, жағдайды жылдам түзетуді талап ететінін айтты. Барлық уәкілетті тұлғаларға қатаң ескерту жасады. Жергілікті жердегі жауаптыларға Амандық Баталов жағдайды бақылауда ұстауды, осы аптаның соңында мерекелік демалыстарға дейін қабылданған шаралар туралы есеп беруді тапсырды.

- Жолдың зақымданған бөліктерінің бәрін жедел қалпына келтіріңдер, адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдай болмауы керек. Жасалған нәрсені бұзуға ешкімнің де құқығы жоқ, талап сондай! Жап-жақсы болды, қалай сондай жағдайға жеткізуге болады? Сол учаскеде қазір мүлдем асфальт жоқ, әсіресе Алтынемел асуында, ал бұл ең қауіпті учаске! Бір апта уақыт беремін! Осы уақыт аралығында бәрін қалпына келтіріңдер, - деді Амандық Баталов.

"ҚазАвтоЖол" АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Мерей Шахарбаевтың айтуынша, орын алған мәселені шешу үшін осы мекеме, "КазАвтоЖол" ЖШС және "Алацем" цемент зауытының арасында үш жақты келісім жасалғанын, соның аясында бірлесіп қысқа мерзім ішінде жолдың зақымданған 0-68 км аумағына жөндеу жүргізіледі.

- Осы тапсырманы орындау үшін біз жолдың бөлігін қалпына келтіреміз, тұрғындар жол қатынасында енді қиындық көрмейді, - деді М.Шахарбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"