АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 1672
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс XVI сессиясы өтіп, бірқатар мәселе қаралды. Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихат хатшысы Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ аудандық, қалалық мәслихаттардың хатшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған сессияға 18 депутат офлайн, 20 депутат онлайн режимде қатысып отырғанын жеткізді.

Сессияның күн тәртібінде облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізіліп, облыстық мәслихат депутаты Қуат Сұлтанғазиевтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, облыстық Қоғамдық кеңестің құрамы бекітіліп, «AMANAT» партиясынан енгізілетін жаңа депутат таныстырылды.

Күн тәртібінде қаралған мәселелерді депутаттар ашық дауыс беру арқылы қолдап, ұсыныстарға бірауыздан демеу білдіріп отырды. Алғашқы мәселе – облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша комиссиясының тұрақты жұмыс істейтін төрағасы лауазымына Секенбай Шеңгелбаевты сайлау туралы ұсынысты облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев көпшілікке жеткізіп, дауыс беруді сұрады.

Одан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес облыстық мәслихат депутаты Қуат Сұлтанғазиевтің мемлекеттік қызметке тағайындалуына байланысты депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін бірауыздан қолдаған депутаттар үшінші мәселе – облыстық Қоғамдық кеңестің құрамымен танысты.

Жаңа құрамды облыстық қоғамдық кеңесті қалыптастыру бойынша жұмыс тобының төрағасы Ермек Келемсейіт таныстырды. Оның айтуынша, облыстық «Jetisy» және «Огни Алатау» газеттеріне жарияланған Қоғамдық кеңестің мүшелерін сайлау жөніндегі конкурсқа орай 50 кандидат өз құжатын өткізген.

Осылайша, арнайы әңгімелесу арқылы конкурстан өткізілген 30 адам іріктеліп алынған. Одан бөлек, 7 орынға мемлекеттік органдардан лауазымға тұлғалар енгізілді.

Сессия отырысында қаралған төртінші мәселе – өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған депутаттың орнына енгізілген кандидатты облыстық мәслихаттың депутаты – «Аманат» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Гүлнар Тойлыбаева таныстырды. Осыған орай праймериз бойынша резервте тұрған Нұрсұлтан Орынбасаров облыстық мәслихатқа депутат болып енгізілді.

Алқалы жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, гүлдесте таратты.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы