ҮЛКЕН АЛМАТЫ АЙНАЛМА ЖОЛЫ (БАКАД) БИЫЛ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 29.10.2022
Оқылды: 1415
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысына іссапармен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметі басшысы Саян Ахметжанов Үлкен Алматы айналма автожолының құрылыс барысымен танысты.

Жалпы құны 150 млрд.теңге болатын Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жол биыл қолданысқа беріледі. Мұны автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков айтты.

«Қазіргі уақытта автомобиль жолының бүкіл ұзындығы бойынша жұмыстар аяқталды. Бұл жобаны іске асыру көліктік қызмет көрсету сапасын арттырады, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобильдердің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады, Алматы қаласын айналып өтуге мүмкіндік береді», – деді Амангелді Беков.

Оның айтуынша, айналма жол (БАКАД) пайдалануға берілсе, Алматы қаласында көлік ағыны тәулігіне 40 мың автомобильге азаяды. Сәйкесінше, Қытай мен Еуропа арасында жүк тасымалы көлемі өседі.

Ал мердігер компания өкілдерінің ақпаратына қарағанда, айналма жол жобасы белгілі бір мәселелерге байланысты бірнеше рет өзгеріске түскен. Мысалы, үлкен айналма жол кей елдімекендердің арасын бөліп, жолаушылардың ары-бері қатынауын қиындатқан. Аталған мәселеге сәйкес үш жаяу жүргіншілер жолы, 1 жер асты өткелі салынған. Яғни, құрылыс кезінде халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлінді.

Жобаның негізгі кредиторлары – Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуропа даму банкі және Ислам даму банкі.

Кездесу соңында Саян Ахметжанов алдағы уақытта да мониторинг жүргізілетіні жайлы айтты.

Ақерке ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Алматы облысы