ҰСЫНЫС ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Уақыты: 03.08.2018
Оқылды: 964
Бөлім: ЭКОНОМИКА

    Жыл сайын әр деңгейдегі әкімдер халық алдында атқарған жұмыстары жайлы есеп береді. Мұндай жиындарда алда атқарылуы тиіс шаралар да әңгіме өзегіне айналады. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жүзеге асырудың екінші тоқсанға арналған жоспарының орындалу барысы бұл орайда бірқатар толымды шаруаның атқарылғанын көрсетті.

 

   Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы»  № 190 Жарлығына сәйкес 2018 жылғы қаңтар-ақпан айларында 787,  соның ішінде  облыс әкімінің 272, аудан және қала әкімдерінің 514, аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер және кент әкімдерінің  есепті кездесулері өткізілді.  
Есепті кездесулер барысында аудан, қала әкімдерінің және аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер және кент әкімдерінің атына 306 ұсыныс айтылды (2017 жылы – 352). Оның 95-і  жолдарды жөндеу мен салу, 49-ы  абаттандыру, санитарлық және экологиялық жағдай туралы, 43-і  білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысы, 41-і  ауызсу мәселесі, 11-і  елді мекендерді электр, газ, телефон байланысымен қамтамасыз ету барысында айтылды. Ал  екеуі тұрғын үй, тағы екеуі  жер қатынастары, 63-і өзге мәселер бойынша қозғалған еді.  
   Есепті кездесулердің қорытындысында іс-шаралардың жоспары әзірленіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Облыс әкімінің есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына төмендегі 11 мәселе енгізілген. Олардың орындалуы үстіміздегі жылдың екінші, үшінші, төртінші тоқсандарына жоспарланған.  Атап айтсақ, Қарасай ауданына қарасты  «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі 9 қабатты ғимараттың бөлмелері дәрігерлік амбулатория етіп қайта құрылып,  пайдалануға берілді.
   Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Алматы облысы Ақсу ауданының Ойтоған ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау және салу» нысаны бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шығарылды. Сумен жабдықтау жүйесін қайта құру және салу республикалық бюджеттің есебінен 2019 жылы жүзеге асырылмақшы. Оған жергілікті  бюджеттен 20 млн. теңге бөлініп, тендер жарияланды. Облыс бойынша мүгедектерді «Инватакси» қызметімен қамтамасыз ету үшін   9 автокөлік сатып алуға жергілікті бюджеттен 121,5 млн. теңге бөлінді. Автокөліктер биыл қазан айында сатып алынады.
   Жаркент қаласы Жібек жолы даңғылындағы № 34-ші, 77-ші және Ш. Уәлиханов көшесіндегі №155-ші көпқабатты үйлердің аулаларындағы балаларға арналған спорттық алаңдарды күрделі жөндеуден өткізуге 30,4 млн. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың маусым айында конкурс өткізіліп, мердігер компаниямен келісімшарт жасалды.  Балқаш көліне апаратын автомобиль жолының құрылысы бойынша облыстық маңызы бар «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының 0 –110, 0 – 35 шақырым учаскелерін қайта жаңғырту бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде  Ащылыөзек өзені арқылы өтетін  көпірді жөндеу, сондай-ақ, 4 км. айналмалы жол салу жұмыстары жүргізілуде.
   Жамбыл ауданы Беріктас ауылындағы орта мектепке «Проект Аида» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қаратал аудандық орталық ауруханасына күрделі жөндеу жүргізуді «Экспресс-строй» құрылыс компаниясы  қолға алған. Аяқталу мерзімі 2019 жылдың мамыр айына жоспарланған. Шарын шатқалына баратын атомобиль жолын жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, қазіргі кезде су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстары жүргізілуде.
   «Алматы облысында 2018 – 2020 жылдарға арналған туризмді дамытудың Жол картасы» аясында 17  қызмет көрсету кешенін салу, соның ішінде Шарын шатқалы аймағында инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жүргізу қарастырылған. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар дайындалуда.  Талғар ауданының 6 елді мекенін (Төңкеріс, Қызылту, Арқабай, Ақдала, Ақтас, Жалғамыс ауылдары) газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді. Бүгінде инвестициялық қаржы есебінен Қызылту, Төңкеріс ауылдарындағы желілердің құрылысы басталды. Қалған 4 жобаны іске асыру үшін инвестициялық компанияларды іздестіру, тарту жұмыстары жүргізілуде.
Өстемір, Туғанбай, Нұра, Көктал, Дәулет, Қайнар және Еламан ауылдарына газ тарту желілерін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге ашық конкурс жарияланды.
   Іле ауданы Байсерке ауылдық округін бөлу арқылы жаңа ауылдық округ құру мәселесі зерделенуде.
   Аудан және қала әкімдерінің есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына 149 ұсыныс енгізілген (2017 жылы – 176).  2018 жылдың екінші тоқсанына 26 ұсынысты іске  асыру   жоспарланып, (Талдықорған қаласы – 9, Жамбыл ауданы – 6, Ақсу ауданы – 3, Алакөл, Ескелді, Райымбек аудандары – екі-екіден, Панфилов, Ұйғыр аудандары – бір-бірден)  толығымен орындалды.
   Мысалы, Талдықорған қаласы әкімінің есептік кездесуінде тұрғындардан түскен    12 ұсыныстың біреуі бірінші тоқсанда, 10-ы екінші тоқсанда толығымен орындалды.  Яғни,  Жасталап көшесі, 54/49 мекенжайында орналасқан жекеменшік құқығындағы жер учаскесі балалардың демалысына арналған стационарлық лагерь ашу үшін сатып алынып, жобаның құнын есептеу жұмыстары жүргізілуде.
   «Жастар-1» тұрғын ауданынан “Магнум” сауда орталығына дейін баратын №24 автобус маршрутының жаңа бағыты әзірленуде.
   Қалалық қоғамдық көліктерді заманауи, ыңғайлы автобустарға ауыстыру жөніндегі ұсыныс бойынша “Ақнар”,   “Transtal” ЖШС тасымалдаушы кәсіпорындары жаңадан 11 автобус сатып алды.
   Еркін ауылындағы Болашақ көшесі, 10 және 10 «а» үйлерінің тұрғындарына баспаналарын жөндеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру мәселелері кезекпен шешімін табады. Қабылиса жырау – Ғ. Орманов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату үшін сараптама жасату  үшін  конкурс жарияланды. Брусиловский көшесін жөндеу «Қаланың қосымша және ауылдық елді мекендердің көшелеріне күрделі жөндеу» жобасы бойынша үстіміздегі жылдың жұмыс жоспарында қарастырылған.
Жамбыл ауданы әкімінің есептік кездесулерінде айтылған 6 ұсыныстың барлығы екінші тоқсанға жоспарланып, өз шешімін тапты.
   Атап айтқанда, Беріктас, Үңгіртас, Қасымбек ауылдарындағы орта мектептер, Айдарлы  ауылының ауызсу жүйесі, Қарғалы ауылындағы          Ә. Бейсеуов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  Үлгілі  ауылы орта мектебіне  спортзал салынуда.          
   Ақсу, Алакөл, Ескелді, Райымбек, Панфилов, Ұйғыр аудандары әкімдерінің есептік кездесуінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы  шешімін тапты.  Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер мен кент әкімдерінің есепті кездесулерінің қорытындысы бойынша 157 ұсынысты орындау жоспарға енгізілген (2017 жылы – 176). Соның ішінде екінші тоқсанда 36 ұсыныстың жүзеге асырылуы жоспарланып, толығымен орындалды.
Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен өткізген есепті кездесулерінде айтылған ескертулер мен ұсыныстардың орындалуы  бақылауға алынған. Іс-шаралардың жүзеге асуы облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктердің отырыстарында тоқсан сайын қаралып отырады.
   Әкімдердің тұрғындармен өткізген есепті кездесулерінде айтылған ұсыныстар мен ескертулер әлі де жүзеге асырыла береді.